Мәнерлеп сырғанау жанкүйерлерінің қуанышында шек жоқ - қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева әлемде тұңғыш болып ересектер арасында таза төрттік секіру (сальхов) жасап, өз атын тарихта қалдырды және Жапонияда өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Брайан Орсердің бұрынғы шәкірті, бүгінде Этери Тутберидзенің қол астында жаттығып жүрген Элизабет дайындық кезінде-ақ төрттік сальховтың каскадын - үштік тулуп жасаған, осылайша Жапониядағы Әлем чемпионатынан мол үміт күттірген еді. Бұл каскадты жарыста жалғастырған қазақстандық фигурист ересек әйелдер арасында жұпсыз мәнерлеп сырғанауда төрттік сальхов жасаған алғашқы спортшы ретінде тарихқа енді.
Элизабет Турсынбаеваның өнеріне баға берген танымал жаттықтырушы Татьяна Тарасова мәнерлеп сырғанаушының шеберлігі артып, бұл жарыста өте жақсы өнер көрсеткенін айтты. «Браво, Тұрсынбаева, браво, Қазақстан!», - деді қуаныш сезімін жасыра алмаған ресейлік жаттықтырушы.
Элизабетті құттықтап, қуанышына ортақтасқан әртүрлі елдердегі фанаттар қатары сағат санап артып жатыр. Элизабеттің Инстаграмдағы парақшасында жанкүйерлері ақ тілегін жаудырып, тек қана жақсы сөздер жолдауда.
«Құттықтаймыз! Жарайсың! Сен спорттың дамуына өлшеусіз үлес қостың, спорт тарихында Қазақстанның есімін алтын әріппен жазып қалдырдың, біз сені мақтан тұтамыз!», «Ресейліктер атынан құттықтаймыз. Жарайсың, Элизабет! Бұл қыз мен үшін жаңалық болды, енді мен оның жанкүйерімін. Оның өнерінен көз қуанып, жаның рахатқа бөленеді. Мол табыс тілеймін, жаңа биіктерді бағындыр! Ұмытылмас сезімдер үшін рахмет!», - деп жазды желі қолданушылары.
Көптеген ақжарма тілектер мен құттықтауларды Элизабеттің YouTubе-тағы видеоларының астынан кездестіруге болады.
«Мен Лизаға қысқа бағдарламада төрттік сальхов жаса деп коммент жаздым. Сосын ол шынымен де оны жасады! Неткен керемет! Қазақтар, мұндай спортшыны аялаңдар!», - деп жазады Евгения Кращенко.
«Ол үшін өте қуаныштымыз! Халқы оны төбесіне көтеріп, мақтан етсе болады. Бұған дейін жаттықтырушы Этери Тутберидзенің осылай шаттанғанын көрмеппіз. Әдетте ол өте ұстамды адам, көңіл толқыныстарын шәкірттеріне көрсетпейтін еді», - дейді жапондық Akiko Iseki.
Элизабет Тұрсынбаева Инстаграм парақшасында жанкүйерлеріне алғыс айтып, әсіресе жапондық көрермендеріне жігер беретін хаттар жазып, тамаша сыйлықтар жолдағаны үшін ризашылығын білдірді.
Қырғызстандықтар, әзербайжандықтар, өзбекстандықтар, түріктер де өз тілінде Элизабетке жүректен шыққан лебіздерін жолдап, көрсеткен өнеріне тәнті болып жатыр.
Элизабеттің өзі жеңісі туралы айта келе, бұл күміс медальді күтпегенін жеткізді.
«Әрине, мен өте бақыттымын. Бұл - Қазақстанның әйелдер арасындағы жұпсыз мәнерлеп сырғанау бойынша алғашқы медалі», - деді ол қорытынды баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваны әлем чемпионатындағы күміс медалімен құттықтаған болатын.