22 қаң, 2019 сағат 12:04

Бозымбаев бензиннің неге арзандап жатқанын түсіндірді

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Алматыда АИ-92 маркалы бензиннің арзандау себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазір Қазақстанда бензиннің артылып қалып жатқаны байқалуда. Қаңтардан бері осылай", — деді министр үкімет кулуарында. 

Айтуынша, Шымкенттің мұнай өңдеу зауытында, жалпы елде тауардың артылып, барлық резервуардың толып қалу қаупі туындаған. Сондықтан МӨЗ-дің жүктемесі төмендетілген.

Сондай-ақ, Бозымбаев Алматыда жанар-жағармай бағасының төмендеуі – нарық реакциясы екенін атап өтті. 

"Қазіргі таңда бензин бағасы реттелмейді. Шамамен 150 теңге шамасында қалады деп болжап отырмыз", — деді министр. 

Айта кетсек, бүгін бірқатар БАҚ Алматыда бензин арзандағанын хабарлаған еді.