Аса қатыгездікпен адам өлтіру бойынша күдікке ілінген ер адамның үйінің еденінің астынан мыңдаған адам сүйегі табылды. Мексиканың құқық қорғау органдарының қызметкерлері бір ай бойы қазба жұмыстарын жалғастыруда. Олар сондай-ақ із-түзсіз жоғалып кеткен кейбір адамдардың жеке заттарын да осы жерден тапты.
Күдіктінің үйіндегі қазба жұмыстары 17 мамырда басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып жатыр, деп хабарлайды Sputnik агенттігі ABC News порталына сілтеме жасап.
Полиция басқа да адамдардың сүйектерін табатынын жоққа шығармайды. Бұған күдіктінің үйінен анықталған, бір кездері жоғалып кетті деген адамдардың құжаттары мен жеке заттары дәлел.
Сондай-ақ полицейлер еденді ашып, тексеру барысында 3787 сүйек сынығын тапқанын хабарлады. Криминологтардың зерттеулері көрсеткендей, маньяк құрбандарының денесін ұсақ бөліктерге бөлшектеп тастаған.
Қылмыс жасады деген күдіктінің кім екені әлі жарияланған жоқ. Әзірше оның 72 жаста екені, достары оны Андрес деп атайтыны белгілі.
Ер адам полиция командирінің әйелін өлтіргеннен кейін ұсталды. Күдікті командирмен таныс болған. Сол күні 34 жастағы әйелді дүкенге апаруы керек еді.
Күдік әйелдің күйеуі бақылау камерасын тексергеннен кейін расталды. Видеоға әйел күдіктінің үйіне кіргені түсіп қалған. Шақыру бойынша келген полиция жасағы үйге кіріп, әйелдің денесін тапты.
Кейінірек, тінту кезінде тәртіп сақшылары әйелдердің киімдерін, құжаттарын, аудио және видео жазбаларын, сондай-ақ маньяк құрбаны болды делінген адамдардың жүзге жуық фотосуретін тапты.
Мамандар қазір сүйек сынықтарын зерттеп, қаза тапқандардың нақты санын анықтап жатыр. Сондай-ақ ДНҚ-тестілеуді жүргізу мүмкіндігі белгілі болады.