Құрметті ағайын!
Қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләлдің басына түскен мына жағдай күллі қазақ өнеріне жасалған қиянат деп білемін.
Жалпы, Ерлан Біләл кім?
Ерлан Біләл – өнер академиясын тәмамдаған түлектердің ішіндегі маңдайы жарқыраған, көзінде оты бар, түр-тұлғасы келіскен актер ретінде көзге түсіп, алдыңғы аға-буын актерлердің ықыласына бөленіп, олардың тәрбиесін алған азамат.
Әкемтеатрдың актерлік құрамына қабылданған ол, «Турандот ханшайымдағы» Калаф, «Еңлік-Кебектегі» Кебек, «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» Қозы, «Абайда» Абай, «Жаужүректе» Балуан Шолақ, «Отеллода» Отелло және тағы да басқа ұлттық және әлемдік классикада, заманауи және аударма шығармаларда басты рольдерден көрінді. Болмыс-бітімі, мінезі қым-қиғаш, бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлердің жан-дүниесін аша білу үшін, актерге талант, ізденіс, түр-тұлға, дауыс, кәсібилік пен білім қажет. Онсыз басты рольдерден көрініп, елдің ықыласына бөлену мүмкін емес. Ал, Ерлан Біләл бұл мектептен, бұл кезеңнен сүрінбей өтті. Құдай берген таланты мен еңбегінің нәтижесінде ойнаған басты рольдері халықтың жүрегінен орын алды. Актер ретінде өзін жоғары деңгейден көрсетіп, кәсіби шеберлігін танытты.
Қазақ өнері үшін жан аямай, адал қызмет етіп жүрген азаматтың театр басшылығына келуі біздің ұжымды шын қуантты. Басшы қызметіне тағайындалған кезінен бастап, театрдың отымен кіріп, күлімен шығып, таңның атысы, күннің батысы театрдан табылды. 92 жылдық тарихы бар театрымызда небір таланттар, еңбек сіңірген қайраткерлер,халық артистері еңбек етуде. Ал, оларды басқару оңай шаруа емес. Актерлер, шығармашылық пен техникалық құрамды асқан біліктілікпен басқарып, театрдың шаруашылық жұмыстарына дейін қадағалауда ұстап, әрбір қызметкерінің жай-күйін бақылап отырды. Ауқымды мәдени шаралардың барлығында делік өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Театр ұжымының бірлікпен, ұйымшылдықпен жоғары деңгейде өнер көрсетуі үшін барын салды.
Театр ұжымы бір апта бұрын ғана Жапониядағы гастрольдік сапарынан оралды. Қазақ өнері Жапония, Токиода салтанат құрды. Жапондардың белгілі театр сыншылары, драматургтер, жалпы халық қойылымды, концерттік бағдарламаны жақсы қабылдады. Әлемдік деңгейдегі сыншылар қазақ өнерін, актерлердің шеберлігін жоғары бағалады. Табиғатында эмоциясын ешкімге көрсете білмейтін халық, шын жылады. Екі мемлекет арасындағы мәдени байланыс әрі қарай жалғасын табуы үшін, келіссөздер де жүргізілді. Ал, мұның барлығының ұйымдастырылуында театр директоры Ерлан Біләлдің еңбегі ұшан-теңіз. Жапондарды тебіренткен «Ақтастағы Ахико» спектаклі Астана, Қарағанды қалаларында да халықты толқытқан еді. Ал, сол гастрольдік сапарлардың ұйымдастырылуы Ерлан Біләлдің жемісті еңбегінің нәтижесі. Әуезов театрының сахнасында Ахико Тецуроның тағдырын сахналау туралы идея - осы Ерлан Біләлдікі. Ерланның театр үшін атқарар шаруалары әлі де көп... Қазақ өнеріне керек азамат...
Ерлан Әбділдаұлы директор болғалы театр ұжымы театр бәйгелерінен үздіктер қатарынан көрініп, бас жүлдені қанжығасына байлап жүр.
Ерлан Біләл осы театрда өсіп-жетілген, театрдың шынайы жанашыры. Қазақ өнерін жанымен сүйетін азамат. Сондықтан да, басына түскен мына жағдайға алдыңғы аға буын ретінде үн қоспай тұра алмадым. Ол менің туысым да, руласым да, жерлесім де емес! Тек, өнер үшін өз денсаулығына да қарамай, азаннан кеш жалықпай еңбек етіп жүрген азамат тағдырының талқыға түсіп жатқаны, жаныма батты. Жүрегім ауырды.
Бұл белгілі бір адамдардың қолынан шыққан, ұйымдастырылған іс болса, сол адамдарға айтарым: айналайындар, сендер бір адамның тағдырына балта шауып отырған жоқсыңдар, қазақ өнеріне қиянат жасап отырсыңдар! Өз ісіне мығым, білікті басшы, адал адамды қаралау «адам өлтіргенмен тең» ауыр күнә деп түсінемін!
Мұндай жағдай кезінде Алаш арыстарының да басынан өтті. Бұл да Алланың сынағы.
Ерлан Біләл – қазақ өнеріне керек азамат! Бұл сөзімді онымен қызметтес, әріптес жандардың растайтынына сенімдімін!
Ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпейді?
Біз әрқашан жаныңдамыз!
Сабырлы бол, бауырым!
Болат Әбділманов
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері