2030 жылға қарай сызба жасаушылар, металл пісірушілер, арматурашылар, сырлаушылар және өзге де мамандар қажет етілмеуі әбден мүмкін. Бұл туралы Еnergyprom.kz сайтында хабарланды.
Дағдарыс жағдайында Қазақстанда өсім танытып отырған салалардың бірі құрылыс болып табылады. 2020 жылғы қаңтар-қазан айларында сектордағы өндіріс пен қызмет көрсету көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 10,7 пайызға өскен.
Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында құрылыс саласында 621,8 мың адам немесе республиканың еңбекке қабілетті тұрғындарының 7,1 пайызы жұмыс істеді. Елдегі экономикалық белсенділіктің төмендеуіне байланысты, бір жылдың ішінде жұмыс істеушілердің саны 3,1 пайызға қысқарған.
Бүгінде құрылыс саласында жаңа технологиялар өңделіп, жылдам қарқынмен енгізілу үстінде. Он-жиырма жыл бұрын болашақ технологиясы болып көрінгеннің көбін бүгінде әлем бойынша құрылыс алаңдарынан көруге болады. Тиісінше, жаңа мамандықтар мен кадрларға деген қажеттілік туындап, бұрынғы мамандықтардың қажеттілігі азайып келеді.
Қазақстанның жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласының мәліметінше, 2035 жылға қарай құрылыс секторында 16-дан астам мамандық жойылып кетуі мүмкін. Осылайша, мысалы, 2025 жылға қарай сызбашы мамандығы жойылуы мүмкін. Құрылыс нысандарын жобалау, содан кейін нысанды салу үшін қажетті құрамдастарды өндіру алдағы болашақта цифрлық және аддитивтік технологиялар көмегімен толық жүзеге асырылатын болады.
2030 жылға қарай келесі мамандықтар жойылады: шатыршылар, өңдеушілер, сылақшылар, пісірушілер, газдық кескіштер, арматурашылар, қаптаушылар және т.б. Ал 2035 жылға қарай құрылысшы монтаждаушы, құрылыс сырлаушысы, сыршы, сырлаушы және тағы басқа мамандықтар жойылады.