Алдағы дүйсенбі күні (30 сәуір) бокс жанкүйерлері үшін өте маңызды күн. Өйткені сол күні Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) бокс спортын алдағы Токио Олимпидасының бағдарламасынан алып тастайтыны немесе қалдыратыны туралы нақты шешім шығарады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Даудың басы – Вудың доллары
Осыдан екі ай бұрын Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Қысқы Олимпия ойындарының қарсаңында Халықаралық Олимпиада комитетінің кезекті сессиясында ХОК президенті Томас Бах журналистермен арнайы кездесіп, бокстың болашағы бұлыңғыр екенін айтты. Бах мырзаның айтуынша, соңғы уақытта бокс айналасында түрлі мәселе көбейіп кеткен.
«Біз AIBA-ның басқару ісіне алаңдап отырмыз. ХОК атқарушы комитетінің Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) басқарушылық, қаржылық, төрешілік және допинг мәселелері жайлы берген есебіне көңілі толмайды. Сондықтан, біз Буэнос-Айресте өтетін жастар асындағы Олимпиада мен 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпия ойындарының бағдарламасынан боксты алып тастау туралы істі қарауға құқылымыз. AIBA-дан күмән тудырған жекпе-жектердің есептемесін алдық. Біз төрешілік туралы неғұрлым көбірек мәлімет сұратқан едік, әлі де сұратып отырмыз. Осыған қатысты көңіл толарлықтай ақпарат алғымыз келеді», - деді Томас Бах.
Бах күмәнді жекпе-жектер деп Рио Олимпиадасындағы екі кездесудің нәтижесін айтып отыр. Оның біріншісі қазақстандық боксшы Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко жекпе-жегі болса, екіншісі тағы бір ресейлік Владимир Никитин мен ирландиялық Майкл Конлан айқасы. Аталған күмәнді жекпе-жектерге қатысы бар деп болжанған Чинг-КуоВу өткен жылдың соңына таман AIBA-ны 11 жыл басқарған қызметінен қуылған болатын. Сондай-ақ, оған сыбайлас жемқорлыққа жол берді, қаржыны орынсыз игерді деген тағы басқа бірқатар айып тағылды. Қазір бұл ұйымды өзбекстандық Гафур Рахимов уақытша басқарып отыр. Алайда АҚШ-тың қаржы министрлігі Рахимов қылмыстық топты басқарды деп оған санкция салған. Сөйтіп, осы мәселенің барлығы ХОК тарапынан бокстың болашағына алаңдаушылық тудырған. Ал AIBA тарапы бұл шешім өздеріне қатты соққы болып тигенін, дегенмен боксты жетілдіру үшін заман талабына сай қызықты әрі көрермен тартатындай реформа жүргізетінін айтады.
Тарих не дейді?
Жалпы, жүйе бойынша әр Олимпиаданың алдында ұйымдастырушылар спорт пен жарыс ережелерін сұрыптап, кейбір спорт түрлерін қағып-сілкіп жатады. Мысалы, 1904 жылғы Олимпиададан бастап бүгінге дейін бокс спортында салмақ дәрежесі жеті рет өзгерген. Ең алғашқы Олимпиадада бокста жеті салмақ болса, келесі төртжылдықта салмақ саны беске дейін қысқарды. Ал 1920 жылдан 1942 жылға дейін салмақ саны артып, сегізге дейін жетті. 1952-1964 жыл аралығында – 10, 1968-1980 жылдары – 11, 1984-2000 жылдары 12 салмақ дәрежесі болса, 2004-2008 жылғы Олимпиада да салмақ саны қайта 11-ге дейін төмендеді. 2012 жылғы додадан бастап боксшылар сол уақыттағы ереже бойынша 10 салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүр. Мұндай артық салмақты «тазалау» тек бокста емес, кезінде Олимпиада дәстүрінен шығып қалуы мүмкін болған күрес түрлерінде де болған. Лондон Олимпиадасынан кейін күрес түрлері Олимпиада бағдарламасынан алынып тасталуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда бұл дау салмақ санын қысқартумен аяқталған. 1996 жылы Олимпиадада 10 балуан күрессе, қазір олардың саны алтыға дейін қысқарған. Демек, тарихқа сүйенетін болсақ, алдағы уақытта бокстың тек салмақ дәрежесі ғана қысқаруы мүмкін. Әрине бұл тек біздің ғана жорамал. Соңғы шешімді ХОК шығаратыны анық.
Дегенмен жуырда бокстан АИБА басшылығы биыл Жакартада өтетін XVIII жазғы Азия ойындары бағдарламасынан 81 келі, 91 келі және +91 келі салмақ алынғанын хабарлады. Алдағы Азия ойындары енді әдеттегідей 10 емес, небары 7 салмақ дәрежелері бойынша жүлделер сарапқа салынады. Бұл да АИБА-дан ХОҚ тарапына ұсынылған бір нұсқа. Өйткені ХОК былтыр 2020 жылы Токиода өтетін Жазғы Олимпия ойындарында боксты екі салмаққа қысқарып, қысқартылған салмақты қыздар боксына қосып беруі мүмкін деген болжам жасаған болатын. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда өткен комитеттің кезекті сессиясында Бах гендерлік теңдік туралы да айтып қалды. ХОК алдағы Олимпия ойындарында гендерлік теңдік орнатқысы келеді. Олимпиадаға қатысатын әйел және ер спортшыларға теңдей жолдама беріп, медальдарды да тең бөлуді жоспарлайды. Ұйымның есебінше, әйел спортшылардың үлесі 2020 жылы өтетін жасөспірімдер арасындағы Қысқы Олимпиадада гендерлік теңдік толық орнайды. Бұл Токиода ерлер боксының салмақ дәрежесі азайып, қыздар боксында салмақ арта түседі деген сөзімізді тағы да қуаттай түсетін сияқты.
Боксшылардың пікірі қандай?
Қазірдің өзінде боксшылар мен бапкерлер арасында бокс дауы туралы пікірлер екіге бөлінген. Боксшылар арасында ең бірінші болып украиналық Олимпиада чемпионы Александр Усик Томас Бахқа боксты Олимпиадада қалдыруды сұрап, әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. «Олимпия ойындары кез келген боксшы үшін спорттың ең биік шыңы. Спортшылар сол шыңды бағындыру үшін өздерінің уақытын жаттығуға құрбан етіп, өмірін спортқа арнайды. Сол үшін сізден боксты Олимпиада дәстүрінде қалдыруыңызды сұраймын. Мен баршаңызды боксты қолдауға шақырамын», деп желіде үндеу жасады. Бұл үндеуді бірнеше спортшы іліп әкетіп, өз пікірлерін білдіріп жатыр.
Ал Усиктің жерлесі Евгений Хитровтың жаттықтырушысы Сергей Криницкий боксты Олимпиададан алып тастау керек деп есептейді. Оның айтуынша, қазіргі таңда бокс былыққа белшесінен батқан, егер Токио Олимпиадасынан боксты «сызып» тастайтын болса, AIBA-ның маңайындағылар ойланар еді дейді. «Еуропа чемпионатының жартылай финалында Хитров қарсыласын айқын жеңген болатын, бірақ төрешілер жеңісті қарсыласына беріп жіберді. Соңғы уақытта мұндай әділетсіздіктер жиілеп кетті. Сондықтан ХОК боксты Олимпиададан алып тастау керек. Сонда ғана бокс парақорлардан тазаланып қалар еді», дейді ол.
Әуесқой бокстың басына қара бұлт бірінші рет үйіріліп тұрған жоқ. 1988 жылы Сеул Олимпиадасынан кейін мамандар боксты қауіпті спорт ретінде танып, төртжылдық бәсекесінен шеттетуді ұсынды. Бұған Сеул рингтеріндегі нокауттардың жиілеп кеткендігі себеп болса керек. Осыдан бастап спортшыларға арнайы бас киім тігіліп, қолғаптары да қалыңдатылды. Дегенмен, уақыт өте келе бас киімдер қайта алынып тасталды. Сонымен қатар, Сеул Олимпиадасынан кейін әуесқой бокста бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді.
Әрине Жазғы Олимпия ойындарын бокссыз елестету өте қиын. Дегенмен, барлық мәселе 2018 жылдың 30 сәуірінде шешілмек. Дәл осы күн әуесқой бокс тарихында қаралы күн болуы мүмкін. Өйткені Халықаралық Олимпиада комитеті бокстың Олимпия ойындарында қалатыны я қалмайтыны туралы нақты шешімін айтатын болады.