Бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасы Алматыдағы Бүкіләлемдік АІВА бокс академиясының базасында әлем біріншілігіне дайындалып жатыр. Бұл туралы құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда ұлттық құраманың барлық мүшелерімен Алматыда Бүкіләлемдік АІВА бокс академиясының базасында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Бұл - алдағы келе жатқан Әлем чемпионатына дайындық. Алатау бөктерінде боксшылар тауға шығу, тас лақтыру, жүгіру сияқты физикалық дайындықтарын жетілдіруде. Енді санаулы күндерден кейін соңғы дайындығымызды елордада пысықтап, ары қарай Екатеринбургте өтетін Әлем чемпионатына аттанамыз», - деп атап өтті бас бапкер.
Әлем біріншілігінде ел намысын кімдер қорғайтыны туралы сауалға Ғ.Кенжебаев қысқа ғана жауап қайырды.
«Әлем біріншілігінде ел намысын кімдердің қорғайтынын осы Алматыдағы оқу-жаттығу жиыны аяқталғаннан кейін айтамыз. Ең маңыздысы, биылғы жылдың басты додасына боксшылар толық құрамда барып бақ сынайды», - деді Ғалымбек Кенжебаев.
Айта кетейік, бокстан ерлер арасындағы Әлем чемпионаты қыркүйек айында Екатеринбургте (Ресей) өтеді деп жоспарланған.