20 сәу, 2021 сағат 08:05

Бокстан әлем чемпионаты: Жартылай финалда 5 қазақстандық сынға түседі

Польшаның Кельце қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында ерлер арасында қазақстандық 5 боксшы жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.

Бұл еліміздің былғары қолғап шеберлерінің кем дегенде қола медаль иеленуіне мүмкіндік жасайды. Қазақстан құрамасының алдында тек Ресей тұр.

Айта кетейік, ширек финалда қазақстандық 10 боксшы сайысқа түскен болатын. Олардың арасынан тек бесеуі жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Ал Ресейде - 7, Үндістан, Украина мен Өзбекстанда - 4, Кубада - 3, Болгарияда - 2, Моңғолия, Италия, Колумбия, Қырғызстан, Бразилия, Венгрия, Армения, Польша, Әзербайжан, Черногория мен Жапонияда - 1 боксшы енді жартылай финалда шаршы алаңға шығады. 

Айта кетейік, 49 келіде қазақстандық Санжар Тәшкенбай өзбек елінен келген Иброхим Ушжоновты жеңіп кетті. Келесі жолдамаға 56 келідегі Ерболат Сабыр ие болып, ол жартылай финалда ресейлік Алексей Шендрикпен қолғап түйістіреді. 

Қоржынға тағы бір жүлдені 64 келідегі Сабыржан Аққалықов түсірді. Кубалық Дариан Фавиер Кастромен жекпе-жекке шыққан ол төрешілер шешімімен жарысты жалғастыратын болды. 

Ал 75 келі салмақтағы Диас Молжігітов литвалық Александр Трофимчуктің осал тұсын тапты. Келесі қарсыласы - реесйлік Михаил Усов.

Жартылай финалға жолдама алған тағы бір қазақстандық боксшы Елнұр Сүйінбай 60 келіде ширек финалда жеңіске жетті. Енді ол жартылай финалда Джон Элин Оробио Синиестрмен қолғап түйістіреді. 

Ал қыздар арасында қазақстандық боксшылар арасынан Жұлдыз Шаяхметова (60 келі) Жасмин Қизатова (69 келі) Әсел Сағатова (81 келі) Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) осындай мүмкіндікке ие болған еді.

Жартылай финал 20 сәуірге белгіленген. Ал 22-23 сәуір күндері жеңімпаздар анықталады.