20 сәу, 2021 сағат 20:48

Бокстан әлем чемпионаты: Қазақстандық төрт жас спортшы финалға шықты

Польшаның Кельце қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында жартылай финалға шыққан қазақстандық бес боксшының төртеуі ақтық сынға жолдама алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.

Бұдан бұрын жартылай финалға жігіттер арасында қазақстандық бес боксшы шыққанын хабарлаған едік. 

Әлем чемпионатында 49 келіде сынға түсіп жатқан Санжар Ташкенбай үндістандық Бишвамитр Чонгтамның осал тұсын тапты. Одан кейін 56 келіде Ерболат Сабыр ресейлік Алексей Шендрикті қапы қалдырды. 

Сондай-ақ, 60 келідегі Елнұр Сүйінбай колумбиялық Джон Элина Оробио Синиестрді жеңсе, Сабыржан Аққалықов (64 келі) Анкит Нарвалдан басым түсті. 

Ал Диас Молжігітов (75 келі) ресейлік Михаил Усовқа есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты. 

Нәтижесінде енді қазақстандық төрт боксшы финалда бақ сынайды. Финал 22-23 сәуір күндеріне белгіленген.