Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Абылайхан Жүсіпов (69 келі) Доминикан Републикасынан келген Роан Поланкомен қолғап түйістірді. Төрешілер қазақстандық боксшыны жеңімпаз деп таныды.
Абылайхан Жүсіпов бұған дейін 1/16 финалда таиландтық Вуттичай Масукты, одан кейін германиялық Ник Бирді тізе бүктірген болатын.
Боксшымыз 1997 жылы дүниеге келген. 2017 жылы Азия чемпионы атанса, сол жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Бұған дейін қазақстандық боксшылар қатарынан жартылай финалға Сәкен Бибосынов (52 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі) және Василий Левит (91 келі) жолдама алған еді. Ал Қайрат Ерәлиев алған жарақатына байланысты өзбек жігіті Миразизбек Мирзахалиловке жол берді.