14 нау, 2019 сағат 10:50

Boeing компаниясы «737 Max 8» және «Max 9» әуе кемелерін ұшыруды тоқтатты

АҚШ Boeing 737 Max 8 және Max 9 әуе кемелерінің ұшуларын тоқтатуды ұсынды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«АҚШ Boeing 737 Max 8 және Max 9 әуе кемелерінің ұшуларын тоқтатты. Boeing компаниясы осы типтегі әлемдегі 371 ұшақтың пайдалануын тоқтату туралы ұсыныс білдірді», - делінген Комитеттің Фейсбуктегі парақшасында жарияланған ақпаратта.

Мұндай ақпарат Boeing компаниясының сайтында да жария етілді. 

«Boeing 737 MAX қауіпсіздігіне әлі де түбегейлі сенімдіміз. Дегенмен, АҚШ Федералды азаматтық авиация басқармасымен (FAA), АҚШ Көліктегі қауіпсіздік жөніндегі ұлттық кеңеспен (NTSB), бүкіл әлемдегі авиациялық басшылықпен және олардың киленттерімен кеңескеннен кейін сақтық мақсатында әрі жолаушыларды ұшақтарымыздың қауіпсіздігіне сендіру үшін аталған үлгідегі ұшақтардың ұшуын тоқтаттық», - деді Boeing компаниясы.

Еске сала кетейік, Эфиопияда Ethiopian Airlines әуе компаниясының Найробиге бара жатқан ұшағы апатқа ұшырағандығы туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ, ұшақта БҰҰ 19 қызметкері болған. 

Қайғылы жағдайға байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының Президенті Сахле-Ворк Зеудеге көңіл айту жеделхатын жолдады. 

Қазіргі уақытта Еуропалық Одақ аумағында Boeing 737 MАХ ұшағын пайдалануға да тыйым салды. Қазақстанда «СКАТ» әуе компаниясының Boeing 737 MAX ұшағын пайдалуды уақытша тоқтатты.