Блогерлер теңгенің жаңа дизайнын ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.
Банкноталарда "Алаш-Орда" қозғалысының қайраткерлері бейнеленген. 500 теңгелік банкнотта біртұтас Түркістанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен Сұлтанбек Қожанұлы, 1000 теңгелікте - ақын, алашордалық Міржақып Дулатов, 2000 теңгеде – тағы бір Алаш қайраткері, ақын, әдебиеттанушы Ахмет Байтұрсынұлы, 5000-да – саяси қайраткер Мұстафа Шоқай, 10 000-да – Кенесары хан, ал 20 000 теңгеде Алаш үкіметі негізін қалаушылардың бірі және төрағасы Әлихан Бөкейхан бейнеленген.
Бұл идея авторлары - алматылық жас-жұбайлар Диас пен Әйгерім Камеридановтар. Осыдан төрт жыл бұрын олар әлеуметтік желіде "Белгісіз Қазақстан" авторлық блогын ашқан. Бұл жобада олар еліміздің мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихы туралы қызықты мақалалар мен бейнероликтерді бөліседі.
Диастың айтуынша, банкноттардың көбінде алашордалықтар бейнеленген. Авторлар дәл осы тұлғалар қазіргі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалағанын атап өтті.
"Бірақ кеңес өкіметі кезеңінде олар негізсіз халық жауы атанды. Олар туралы естеліктерді жаңғырту аруақтары (рухы– еск.) алдындағы, келер ұрпақ алдындағы парызымыз деп білемін. Ал 10 000 теңгелік банкнотта қазақтың соңғы ханы – Кенесары бейнеленген", - деп толықтырды жігіт.
Идеяны жүзеге асыруға графикалық дизайнер Эльнора Матжанова мен видеоинженер Азамат Серікбаев көмектескен.