10 жел, 2017 сағат 22:12

Біз көшпенді емеспіз

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы сананы серпілтетін бағдарлама іспетті құжат. Осы мақаласында Елбасы Н.Назарбаев «Мақсатқа жету үшін санамыз ісімізден озат жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деп атап көрсетті. Сондықтан Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы ата-бабаларымыздың бай құндылық дәстүрін қайта жаңғыртып, халқымыздың рухани байлығын тереңдетеді деп ойлаймын. 

Жалпы, ұлттық құндылықтар әлем халықтарының бәрінде де болғанымен бірдей дамыды деп айтуға келмейді. Себебі, әр этностың даму дәрежесі, табиғи ерекшеліктері әртүрлі. Кейбір этноста тарихи құндылық көп сақталса, екіншісінде олай емес. Оны халық санасында терең сіңіріп, жаңғыртып отыру үшін үздіксіз кең көлемде ғылыми зерттеулер жүргізілуі қажет. Осы тұрғыдан қарағанда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының тарихи маңызы бар. Орыстың ұлы ғалымы М.Ломоносовтан «Неге тарих саласына көбірек көңіл бөліп жүрсіз?» деп сұрапты. Ол бұл сауалға «Ұлттық сананы қалыптастыруда тарихтың ат­қа­рар міндетін өзге бірде-бір ғылым атқара алмайды», – деп жауап берген. Демек, біз ұлттық жа­дымызға тарихи құн­ды­лық­тарды жаңғырту арқылы тереңірек сіңіруіміз керек. Бұл орайда Елбасының ұлт үшін тарихи мәні бар мақаласы қазіргі кезде үлкен қозғаушы күш болып отыр.

Атап өтетін бір нәрсе, түрік этностарының, соның ішінде қазақ халқының шынайы тарихы әлі жазылған жоқ. Олай болса, рухани жаңғыруды төл тарихымызды жазудан бастаған ләзім. Саналы өмірін түркі халықтарының тарихын зерттеуге жұмсаған ұлы ғұлама Лев Гумилев: «Көне түріктердің адамзат тарихындағы маңызы орасан зор, бірақ бұл халықтың тарихы әлі күнге дейін жазыл­маған. Ол жол-жөнекей, үстірт баяндалып келген, бұл бас­таутану, онамастикалық, этнонимдік, топономикалық сипат­тағы қиындықтарды айна­­лып өтуге жағдай жасады. Қазір­гі таңда Оңтүстік Сібірде, Моңғолия мен Орта Азияда жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстар бұл пікірді жылма-жыл жоққа шығарып келеді» деп жазды. Л.Гумилевтің арманын іске асыратын уақыт енді келді. Әлемдегі түрік этностарының көпшілігі егемен елге айналып, ежелгі, орта ғасырдағы және жаңа дәуірдегі тарихына көңіл бөліп, оны егемендік жағдайда кешенді жаңарту үшін әрекет етіп жатыр. Бұл ұлы мәселені шешетін тарихи деректер мен арте­фактілер қазіргі уақытта жет­кілікті жиналды. Әсіресе, тарихтың бір салалары архео­логия мен этнология тамаша жаңа деректердің қорын жинақ­тады.

Түріктердің негізгі шоғыр­ланған аймағы – Орталық Азия. Осынша ұлан-ғайыр жерді түріктер өз Отанына айнал­дырып, алғашқы адамзаттың заттай және рухани өркениетінің негізін салып, оны үздіксіз алға дамытып, жақын және алыстағы көршілеріне тарата білген. Мұны оңтүстік Сібірден, Моңғолиядан және Орталық Азиядан табыл­ған, әлі де табылып жатқан артефактілер нақты дәлелдейді.

Айта кетер бір жайт, қазақ тарихын рухани жағынан жаңғыртып, тарихи тұрғыдан жазу үшін біз көшпенділік терминінен құтылуымыз қажет. Орталық Азиядағы археологиялық зерт­теулер ХХ ғасырдан басталды десек, сол бір ғасырдан астам уақытта археологтар осы гео­графиялық аймақтан тарихтың әр кезеңдеріне жататын құнды ескерткіштерді ашып, зерттеп, тарих ғылымына бұрын-соңды енбеген жаңалықтарды әкелді. Сондықтан осы жиналған бай артефактілерге негізделіп, тү­рік әлемінің жазылмаған тари­хын қайтадан жаңғыртып жаза­тын уақыт келді. Бұл орай­да қазіргі уақытта жазба, архео­логиялық, этнологиялық де­рек­­тер жеткілікті. Тіпті Кеңес үкіметі кезінде кейбір кем­ші­ліктерге қарамастан қазақ халқы тарихының негізі қаланды. Қыруар деректер жиналды. Олар қазір архивте, кітапханаларда сақталған. Оның үстіне тәуел­сіз­діктен кейін Президент бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы жарияланып, ол қазіргі кезге дейін жемісті түрде жүзеге асырылып келе­ді. Көптеген жазба және арте­фактілер, этнологиялық деректер жинақталды. «Мәдени мұра» бағдарламасында Елбасы: «Тарихи ескерткіштерді жаң­ғыр­ту жұмысы ерекше ыж­да­һат­тылықты талап етеді.

Бұл – құрылыс емес, ғылыми жұмыс. Сондықтан ескерткіштер қал­пына келтіру шаралары та­лантты мамандардың қаты­суы­мен, халықаралық тәжірибелерді пайдалана отырып, жүзеге асыруға тиісті. Сол сияқты қазба жұмыстарға да айрықша жауапкершілік қажет. Ол жұмыстардың біткеннен кейінгі тағдыры қандай болмақ? Осы жағын да қадағалап, ойлас­тыр­ған жөн» деп атап көрсетті. Сондықтан Елбасының «Мәде­ни мұра» бағдарламасы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтыл­ған жобаларды жүйелі түрде үздіксіз жүзеге асырып отыру қажет. Демек, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жинал­ған деректерге сүйене отырып, шынайы «Қазақ тарихын» жазуы­мыз керек. Бұл өзекті мәсе­лені іске асыруға әлі кіріскен жоқ­пыз. Шынайы «Қазақ тари­хын» жазатын болсақ, көш­пенділік тұжырымымен мүл­де қоштасатынымыз да ақи­қат. Мұны бекер айтып отырған жоқпын. Батыс Еуропа ғалым­дары көшпенділік пікірді әдейі қалыптастырды. «Орталық Азияны мекендеген түрік тектес этностар көшпенді болған» деген анықтаманы әлем халқының тарихына осылай енгізген. Алайда кейінгі кезде табылған бай жазба, археологиялық, этнологиялық және тағы басқа деректер, Орталық Азияны мекен­деген этностардың ежел­ден отырықшы болғанын дәлелдеді. Бір ғана мысал, бұрынғы өзбектердің тарихында «көшпенді өзбектер» деген бөлімше болғаны белгілі. Қазір Өзбекстанның тарихшылары мұндай тарауды алып тастап, «өзбек халқы ежелден отырықшы екенін» дәлелдеп жазып жүр. Осындай «көшпелі түріктер» тұжырымының ғылымнан алшақ екенін түркі тілдес ғалымдардың көпшілігі де мойындады. Тек кейбір қазақ ғалымдары ғана «көшпенділік» тұжырымынан әлі күнге дейін айрылар емес.

Белгілі археолог ғалым Карл Байпаковтың «Древняя и средневековая урбанизация Казахстана» атты еңбегінде археологиялық деректерді бір жүйеге келтіріп, әр тарихи кезеңдердің ескерткіштерін тиісті орнына қойып, урбаниза­ция Қазақстан жерінде полио­лит­тің (тас дәуірінің) соңғы ке­зеңі неолитте басталғанын артефактілермен дәлелдеп шыққан. Сол кезде басталған урбанизация процесі кейінгі тарихи кезеңдерде эволюциялық жолмен дамып, үлкенді-кішілі тұрақты қоныстар, кенттер, бекіністер, ірі өндіріс және сауда орталықтары пайда болған. Ондай археологиялық, архитектуралық ескерткіштер Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда көп сақталған. Осы еңбекте оларды тиісті дәуірге бөліп-бөліп көрсеткен: Аркони, Беғазы-Дәндібай, Бұғылы, Тегіскен (Түйіскен – У.Ш.), Шірік Рабат, Бәбішмола, Көкмардан, Күлтөбе, Шардара, Жетіасар, Суяб, Навкент, Тараз, Испиджаб, Аспара, Мерке, Құлан, Баласағұн, Алматы, Жаркент және т.б. Жоғарыдағы келтірілген мәліметтерге сенсек, Орталық Азияны мекендеген түрік тілдес этностар, солардың ішінде қазақтар ежелден отырықшылық жүйеде өмір сүріп, адамзат тарихында алғашқы өркениеттің негізін салып және оны жақын, алыс көршілеріне тарата білген. Олар өздерінің урбанизация процесін антикалық дәуірден бастап, тұрақты қоныстар, кенттер, өндіріс орындарын, сауда орталықтарын салған. Бұл шындықты антикалық ғұламалардың бірі Страбон: «Бактрияның аржағында мың­да­ған қалалы елдері бар» десе, М.Қашқари түріктер ерте­ден қалаларды салып, оларға ат қой­ғанын жазған, ал Ж.Бала­са­ғұни «Құтты білік» еңбе­гін­де:

Болған талай қалалар да,
халық та,
Уақыт көмді бәрін жердей
табытқа.
Болған талай ауылымыз,
тайпамыз,
Енді соның ізін тауып байқаңыз… деп жазып кеткен.

Қазір жұртшылыққа, ғы­лым саласына дәлел болған басқа да деректер Орталық Азияның тұрғындары ежелден отырықшылықта өмір сүріп, өркениеттің негізін салғанын, оны Батысқа таратқанын айғақтап отыр. Осы орайда әйгілі түріктанушылардың бірі Мұрад Аджи «Азиатская Европа» атты еңбегінде: «В IV веке наш народ (түріктер-У.Ш.) смело перелистнул страницу европейский исто-
рии – он освободил народы от рим­ского рабства, дал им сво­боду… Наши предки – и никто другой! – открыли Язычни-
кам – европейцам их нынешние религиозные символы, от тюрков-кипчаков европейцы впервые услышали о Боге Небесном, узнали свои теперешние моли­твы. Эти тюрки научили Европу новым метал­лургическим техно­логиям: плавать железом мастерить изделии из него. Глядя на них, пришельцев с Алтая, европейские мужчины отказались от юбок и стали носить штаны…» деп жазған.

Әрине, әйгілі ғұламаның бұл жазғандарын еуропалық ғалымдар мойындағысы келмей­ді. Бірақ бұл – шындық. IV ғасырда ғұндардың патшасы болған Аттила Еуропаны Рим құлшылығынан құтқарды. Оларды даму жолына түсіргенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан да осы күнге дейін саналы еуропалықтар Аттиланы төбелеріне көтереді.

Еуропада мың жылдық тарихы бар, ғұмыры одан ас­қан қалаларды, сәулетті ескерт­кіш­терді табу қиын. Орталық Азияда 2000-2500 жылдық тарихы бар көне шаһарлар жеткілікті. Атап айтар болсақ, Самарқанд, Бұхара, Ташкент, Испиджаб (Сайрам), Тараз, Баласағұн, Алматы, Жаркент, Қашқар және тағы басқалар. Ғалымдардың басқа да дәлелдері мен ғылыми тұжырымдарына көз салар болсақ, Орталық Азия мен Сібір тұрғындары ежелден отырықшы болып, кешенді өмір сүргеніне куә боламыз.. Сон­дықтан көне заманнан бастаған урбанизацияның негі­зін­де тұ­рақ­ты мекендер мен қалалар ал­­ғаш­қыда Орталық Азияда бой кө­терді, Демек, өркениеттің негі­­зін салған түрік тілдес этнос­тар екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Қорыта келгенде, Ұлы дала елін мекендеген ата-бабаларымыз ілгері заманда-ақ ілім-білімді игеріп, сәулетті шаһарлар салып, алып ғимараттар тұрғызғаны тарихтан мәлім. Тап осы ақи­қат­қа сүйенсек, өз жерімізден сынық-сүйем алыстамаған қазақ елін «көшпенділер» деп атау шындыққа еш жанаспайды.

Уахит ШӘЛЕКЕНОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның құрметті академигі

"Айқын" газеті