Жуырда ел басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиісті орындарға жандарың шығып кетсе де тәжвирус пен пневмонияның статистикасын біріктіріңдер деп пәрмен беріпті. Міне, бұл жаңа биліктен біз күткен жақсы жаңалық. Шындыққа шімірікпей қараған басшы ғана қиындықты еңсере алады.
Менің білуімше, Тоқаев – қолы таза адам. Жаны, ары таза, антына адал адамдардың ғана қолы таза болады. Осынша батпақты кешіп жүріп, ділін, қолын былғамаған сондай адамның бізге басшы болып келуінің өзі қазаққа Алла тағаланың оң назарын салғанының басы деп білемін.
Кім не десе, о десін, бұл - менің өз пайымым! Менің де ешкімге жағынып, тіленіп өмір өткізбегенімді елім, тіпті болмаса, Жаратушы Ием біледі! Бұрыннан сіресіп тоңған тоң мен сыңысып қалған сеңді қозғау оңай емес. Бұл нарды жығып, пілді бүгіп кетерлік аса ауыр іс! Одан елдің бірлігі мен ердің тірлігі ғана құтқарады. Сол жолда мынау тығырық халді, ел көңілінің алаңын, қоғамның ауанын пайдаланып арзан атақ алып қалуға ұмтылуды тоқтатқанымыз жөн!
Әр жерден әулікпей, жүмілаға төнген қасіретті Алланың сынағы, тіпті керек десе, бізді тәубеге шақырған мейірімі деп қабылдап, ниетімізді түзейік! Дұғамызды дуалы ауыздан шығарайық! Біржүректілікке жетсек, біз жеңбейтін індет жоқ. Бұл – бұрынғы дін де, бүгінгі ғылым да дәлелдеп отырған ақиқат!
Сондықтан қиын да сындарлы кезеңде ел болып ел басшысына жәрдемдесейік! Тоқаевтың жанында тоқайласайық! Санамды сан сапырып менің тапқан ақылым – осы!
Светқали НҰРЖАН,
ақын, «Құрмет» орденінің иегері