24 ақп, 2022 сағат 17:06

Биылдан бастап ҰБТ кезінде әр талапкерді бірден екі камера бақылап отырады


Былтырғы қаңтар айындағы ҰБТ-мен салыстырғанда тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеттерінің саны да азайған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тестілеуден өту мүмкіндігінен 90 талапкер айырылды. 

Бұл 2021 жылмен салыстырғанда үш есе аз.

Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ үш деңгейлі жүйе бойынша өткізіледі: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ тестілеу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. 

Биыл тестілеу алғаш рет «бір компьютер – екі камера – бір тестілеуші» қағидасы бойынша өткізілді. 

Егер бұрын тестілеу барысы әр компьютердің үстінде орналасқан бір ғана камерадан бақыланса, енді ҰБТ кезінде жеке тұлғаны сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (алдыңғы) камера орнатылды. 

Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан барлығы 229 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды.