Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу ережесін бұзған талапкерлер мемлекеттік білім беру гранттарынан өз еркімен бас тартты. Бұл туралы бүгін «Adal bilim» жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жобалық кеңсесінің әкімшісі Сергей Пен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылы өткен жылмен салыстырғанда Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде тыйым салынған заттар 70 есе аз алынды. Дегенмен, іс жүзінде әрбір жағдай бойынша нәтижені жоюға қатысты қабылданған шара 100 есе көп болды», - деді ол министрліктің аппарат жиналысында.
Осы орайда «Adal bilim» жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жобалық кеңсесінің әкімшісі нақты цифрларды алға тартты.
«Айталық, өткен жылы мұндай 24, ал биыл 2,5 мың жағдай тіркелді. Яғни, видео жазбаларды қарағаннан кейін осынша талапкердің нәтижесі ҰБТ ережесін бұзғаны үшін жойылды. Бұл «егер сені ҰБТ кезінде қолыңнан ұстап алмаса да, видео жазбаларды зерделегеннен кейін бәрібір жауап бересің» деген жақсы белгі болды. Мұның зор тәрбиелік мәні болғанын да байқадық. Өйткені, ескерту алған балалар гранттар айыру туралы ресми шешімді күтпестен одан өз еркімен бас тартты», - деді Сергей Пен.