30 сәу, 2021 сағат 13:23

Биыл медицина саласында бірегей технологиялар енгізіледі - министр


Бүгін халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой биыл медицина саласындағы енгізілетін бірегей технологияларды атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Денсаулық сақтау жүйесінің мамандары жаңа медициналық технологияларды іздестіру мен енгізуді тұрақты негізде жүргізеді. Қазақстанда медицинаның бірқатар бағыты халықаралық деңгейде табысты бәсекелесе бастады. Біздің елімізде жоғары технологиялық медициналық көмектің (ЖТМК) 78 түрі бойынша халыққа қолжетімділік қамтамасыз етілген. Бұл ретте, 2020 жылы 10 мыңға жуық ЖТМК қызметі көрсетілді», - деді Цой Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, 2011 жылдан бастап елімізде органдарды трансплантациялау технологиялары белсенді енгізілуде. 2020 жылы 112 транспланттау жасалды.

2020 жылы мынадай бірегей технологиялар енгізілді:

- 3D басып шығару технологиясы бойынша жеке үлгіленген жасанды омыртқалы протезді орнату;

- бас сүйек нервтерінің микроваскулярлық декомпрессиясы кезіндегі эндоскопиялық ассистенция.

«2021 жылы біз келесі технологияларды игеруді және енгізуді жоспарлап отырмыз: гамма-пышақ аппаратын қолданумен орталық жүйеке жүйесі ауруларын емдеудің радиохирургиялық әдісі, жүрекішілік стимуляторды транскатетерлік импланттау. Сонымен қатар, Семей қаласында Ядролық медицина орталығының құрылысы аяқталды. Орталықтың толық қызмет спектрі ағымдағы жылдың маусым айынан бастап көрсетілетін болады. Мұнымен қоса, Назарбаев Университеті жанынан Балалар кардиохирургиялық орталығын ашу жоспарлануда», - деді министр.