Биыл кәсіптік және техникалық колледждерге түсу емтихандары алынып тасталады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова әкімдіктің баспасөз орталығында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау 25 маусымнан басталады. Құжаттар екі жолмен – «Электронды үкімет» веб-порталы немесе тікелей колледжге жүгіну арқылы іске асырылады. Талапкерлер 4 оқу орнына дейін, 4 мамандық пен біліктілікке дейін таңдау арқылы орта буын және қолданбалы бакалавриат мамандықтарына өтініш бере алады. Бұл талапкерлерге мемлекеттік тапсырыс бойынша орын алуға мүмкіндік береді. Биыл түсу емтихандары алынып тасталады. Ал конкурс орташа балл бойынша ақпараттық жүйе арқылы автоматтандырылған режимде өткізіледі», - деді басқарма өкілі.
Дегенмен маманның айтуынша, педагогикалық, медициналық мамандықтар бойынша кәсіптік-техникалық білім алушылар емтиханнан мүлдем босатылмайды.
«Педагогикалық, медициналық мамандықтар бойынша сондай-ақ, арнайы және шығармашылық емтихандарды психометриялық тестілеуде тапсыратын өнер және мәдениет мамандықтары бойынша түсушілерге талаптар өзгеше болады. Жұмысшы біліктіліктері, аспаз, бала күтуші, тігінші, дәнекерлеуші, сантехник мамандықтары бойынша және «Еңбек» бағдарламасы аясында өтініш беретін талапкерлер конкурстан тыс колледждерге сұхбаттасу арқылы өтеді», - деді Римма Иманғазинова.