Астанада екінші ауысымда оқитын 0-4 сынып оқушыларына сабақ болмайды, деп хабарлайды қалалық білім басқармасы.
Ал "Қазгидромет" мәліметінше, елордада түнде сынап бағанасы 35-37 градусқа дейін төмен түседі.
Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында 40 градус аязға байланысты бірінші және екінші ауысымдағы 1-11 сынып оқушылары, сондай-ақ, колледждердің бірінші және екінші курс студенттері сабаққа барған жоқ.
Өскеменде сынап бағанасы 36 градус аязды көрсетіп тұр, сол себепті бірінші және екінші ауысымда оқитын 1-11 сынып оқушылары, сонымен қатар, колледждердің бірінші және екінші курс студенттеріне сабақ болмайды. Риддер мен Семейде де осыған ұқсас жағдай.
Бүгін Қарағандыда бірінші және екінші ауысымда оқитын 0-11 сынып оқушылары да қақаған аязға байланысты демалады. Павлодарда екінші ауысымдағы 1-9 сынып оқушылары үшін мектеп "жабық".
Қазақстанды осымен үшінші тәулік қатты аяз қысып тұр. Батыста, солтүстік-батыста, күндіз солтүстікте қар жауады. Кейбір жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады, бұрқасындатып, жел күшейеді.