15 қар, 2021 сағат 22:04

Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды


«Қазгидромет» РМК 16 қарашада ауа райының нашарлауына байланысты бірнеше өңірде ескерту жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Түнде және таңертен Алматы облысының оңтүстігінде және шығысында тұман, көктайғақ сақталады. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың шығысында екпіні 25 м/с жетеді.

Маңғыстау облысының басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ күтіледі. Облыстың солтүстігінде тұман болады. Солтүстіктен жел соғады, түнде өңірдің батысында, күндіз басым бөлігінде екпіні 15-20 м/с артады. 

Қызылорда облысының солтүстігінде және орталығында көктайғақ, тұман күтіледі. Күндіз облыстың солтүстігінде бұрқасын болжанады. Оңтүстік-шығыстан соққан жел солтүстікке ауысады, күндіз өңірдің солтүстігінде 15-20 м/с жел тұрады. 

Атырау облысының батысынды және шығысында жаяу бұрқасын соғып, түнде және таңертең облыстың солтүстігінде және орталығында тұман, көктайғақ болады. Желдің жылдамдығы – 15-20 м/с. 

Батыс Қазақстан облысының батысында тұман, түнде облыстың оңтүстік-шығысында көктайғақ күтіледі. Солтүстіктен, солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с жетеді. 

Ақмола облысының солтүстігінде тұман күтіледі. 

Павлодар облысының оңтүстігінде, шығысында көктайғақ, түнде өңірдің солтүстік-батысында тұман болжанады. 

Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде, батысында тұман болады. 

17 қарашада Жамбыл облысының оңтүстік-батысында және таулы аудандарында қатты қар жауады. Тәулік бойы 17-18 қарашада облыстың солтүстік-шығысында, оңтүстік-батысында, таулы аудандарында тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі. Тәулік бойы 17 қарашада, түнде 18 қарашада желдің екпіні 23-28 м/с, кей уақытта 30 м/с және одан жоғары артады.