12 қар, 2018 сағат 07:44

Бірге жазылатын сөздер неге көбейді?

Қазақ жазуында, қазіргі латын графикасына негізделген жаңа емледе біріккен сөздердің саны артатын болады. Бірге жазу қазақ тілі сөзжасамының өнімді тәсіліне айналады. Сөздерді біріктіру, бірге жазу – тәсіл болса, біріккен сөз сол тәсілдің нәтижесі ретінде сөз санын арттырады. Сонымен, сөздерді біріктіру неге көбейді? Сөздер неге бөлек жазыла алмайтын болып барады?

Жалпы графикада жазылған мәтін парақ беттерінен, бет абзацтардан, абзац сөйлемдерден, сөйлем сөздерден тұрады. Бұл – ауызша тілдің дәл бөлінісі емес. Сөйленген сөз – үздіксіз процесс, фонациялық ауамен бірге шығатын физикалық сөз. Дауыс тонымен, қарқынымен, әуенімен, интонациямен ырғақтық топқа, синтагмаларға ажыратылып қабылданатын сөздің бөлінісі жазба мәтінге сәйкесе бермейді. Жазба мәтін ақпараттың бет көлеміндегі орналасуынан (көзге тыныс беру үшін сөз басының, аяғының парақ ортасынан басталуы не аяқталуы) бастап, абзацқа бөліну, сөйлемнің үлкен және кіші  тыныс белгілері, бас әріп, сөйлем, бөлек жазылу, сызықша, тырнақша арқылы,  бірге, дефис таңбаларының көмегі арқылы қабылданады. Сөйлемдегі сөздің бірге не бөлек жазылуы автоматты оқуда бүтін не бөлшек түрінде, яғни «бір сөз» не «бір сөз емес» ретінде ұғынылады. Көз сөзді «бір сөз» деп санаға ақпар берсе, сана бүтін зат, бір денотат, не бір ұғым деп есептейді. Көз сөзді екі сөз деп ақпар берсе, сана екі зат, екі басқа  денотат, бөтен ұғым деп ойлайды. Сөздің бүтін ұғымды таңбалауы сөз «дербестігі», «егемендігі» болып табылады, ол тіл білімінде «толық мағыналы сөз» немесе «негізгі сөз» деп аталады. Бірақ толық мағыналы сөздер ғана «егемен», жеке жазылмайды, көмекші сөздер (көмекші есімдер, көмекші етістіктер, қалып етістіктер) де, шылаулар да бөлек жазылады. Тұрақты тіркестер де бөлек жазылады.

Ендеше бөлек жазылу деген не? Жалпы жазу тарихында мәтін тұтас болып, сөз аралары ажыратылмаған, мысалы, көне түркі мәтіндерінде бөлек таңбалау «қос нүкте» немесе «а» дыбысының таңбасы арқылы берілген.  Ал қазақ жазуындағы бөлек таңбалау қадым және жәдид жазуы, төте жазу дәстүрінде қосымшаларды да қамтыған, яғни қазіргі күмән тудырмайтын түбір мен қосымшалардың бірге жазылуы бұл әліпби түрлерінде бөлек жазылған. 1929ж. емле конференциясында Т.Шонанұлы: “Бүкіл түркі халықтарының жазуында біріккен сөз емлесі қиындық тудырып отыр. Оған түбір мен қосымшаны да бір-бірінен ажыратып берген араб жазуы кінәлі. Ендігі жерде тірі, өлі қосымшалардың бәрін бірге жазуымыз керек” (1929 ж. 2-4/VI емле-ғылыми конференцияның стенографиялық есебі. Қызылорда, 1930) деген сөзінен кейін бірге жазу нормаға айнала бастаған.

Латын жазуы, кейін кирил жазуымен бірге түбір мен қосымшалардың бірге жазылуы қатаң норма болды. Бірге жазылу үрдісі грамматикалық бөліктерді ғана емес, басқа деңгейлерге де өте бастаған кездер осы 20 ғасыр басы еді. Латын әліпбиімен таңбалаған алғашқы емледе зат не ұғым атаулары болатын сөздерді бірге жазу бірден ұсынылған. Мысалы, электр шамы деген сөзді электршам деп бірге жазу 1929 жылғы алғашқы емле конференциясында айтылды. Ал орыс әліпбиін қабылдаған 1941ж. емле сөздігі атқора, ауажайылу, бейпілауыз, боссөз, ботатірсек, бұлшықет, жертүбі, кешкетаман, белбайлау, қаракөк, қаракөлеңке, ашатұяқ, бақайқулық, бойұсыну, бөріойнақ, бұрнағыкүн, жертүбі, жіңішкеауру, кереқарыс, кешкетаман, белбайлау, күретамыр, қаракөже, қасбатыр сияқты бүгінде бөлек жазылатын сөздерді бірге жазды (Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Алматы, 1941)

1948ж. Орфографиялық сөздік алауыздық, алажаздай, алакөлеңке, алакөз, аласапыран, алатаң, алағоржын, алтатар, алқара, алқызыл, арампейіл, аржақ, асырасілтеу, асықжілік, атсалысу, атүсті, ашықауыз, аяқалыс, аяқасты, ақжүрек, ақжарқын, бассалу, басыбайлы, басыбүтін, беломыртқа, кішіжүз, кішіпейіл, неғылу, көкала сияқты фразеологизмдерге дейін  бірге таңбалап, реестрге шығарды. Бірақ  60 жылдардан бермен қарай синтаксистік сөз тіркестері, тұрақты тіркестер, анықталушы-анықтаушы сыңарлардан тұратын күрделі сөздердің бөлек жазылуы қатаң нормаға айналды. Дегенмен жазарман өзінің мәтінінде бұл қатарды тұтас тілдік таңба ретінде беруді әдетке айналдырды. Яғни бірге жазды. Міне, сондықтан емле сөздігі бөлек нормалаған сөздер көбіне жұмсалымдық қызметте таңбасы өзгеріп (бірге жазылып), қайшылық туды. Професор Н.Уәли тілдік, орфографиялық дискреттілікті функционалды дискреттілікке салып, шатастырып келдік пе деген ой айтады (Уәли Н. Біріккен сөз туралы // ҚР ҒА-ның хабарлары 2005. №5-6). Мысалы, иіс сабын сөзі синтаксистік сөз тіркесі ретінде емле сөздігінде және лингистикалық талдауларда сыңарларының жеке таңбалануын қажетсінеді д.с. Бірақ тілдік дискреттілік пен жұмсалымдағы сөздің дискреттілігі сәйкес келе бермейді дейді профессор Н.Уәли. Бүгінде жазылған мәтіндердің көптігенен, мәтінді оқуға кететін уақыттың үлкендігінен  оқудың түрлері шыға бастады. Біреу хабар алайын деп оқиды, біреу керегін іздеп оқиды, біреу сүзіп оқиды, біреу жүргізіп, ара-тұра тоқтап оқиды, біреу сынап, тексере оқиды, біреу сырғытып оқиды, т.т. Яғни бәрінде уақыт үнемдеу үшін жүргізіп оқу бар. Бұл көздің бір шалғанына қамтылатын таңбаның санына байланысты болады. Қазақ грамматологиясында бұл ұғым көзшалым деп аталып жүр. Сонда 1 көзшалымға бос аралықтары бар 4-5 сөз қамтылады. Көп қамтып оқу үшін бір ұғымды білдіретін сөздерді бірге жазу қажеттігі шығады. Сонымен, бірге жазу үдерісінің күшеюі оқуды автоматтандыру мен жазуды үнемдеумен байланысты. Әдетте таныс емес нәрсені бөлшектеп анықтап қараймыз, анық нәрсе қайталана келе танылады, танық нәрсеге айналады. Сөз де дәл осы сияқты. Сөз танық болған сайын универбтеле түседі. Тіл үнемділігі үшін тілдің өзі универбтеу құбылысына ұмтылады. Cондықтан қазақ емлесі жазудың алғашқы кезеңдерінде бөлек жазылуын нормалаған орфограммалар енді бірге жазуын күшейтіп отыр. Тұрақты тіркестер мен синтаксистік сөз тіркестерінен лексикаланған күрделі сөздер бірге жазыла бастады. Мысалы, жаңа емледе aqsaqal, aqsúıek сөздерімен бірге aqnıet, aqkóńil; kóshbasshy, dúnıeqońyzdaný, erjúrek, erjúrektik, janpıda, janpıdalyq, ataqonys; basqosý, atsalysý, atústi идиомалары да, анықтағыш-анықталғыш қатынастан ажырап, бір заттың, ұғымның атауына айналған сөздер де бірге жазылады: sıyrjońyshqa (өс.), aıýbaldyrǵan (өс.), bóriqaraqat (өс.), ıtbúldirgen.

Жаңа емледе екінші сыңары -lyq (-lik, -dyq, -dik, -tyq, -tik) қосымшасымен келген қоғамдық, әлеуметтік лексика, -ar (-er) қосымшасымен келетін әдет-ғұрып, кәде атаулары, -lar (-ler, -dar, -der, -tar, -ter) қосымшасымен келетін ботаникалық, зоологиялық атаулар, -qysh (-kish, -ǵysh, -gish) қосымшасымен келетін құрал-сайман және техника атаулары, -ty (-ti, -dy, -di), -pa (-pe, -ba, -be, -ma, -me), -ys (-is, -s), -ǵy (-gi, -qy, -q) қосымшасымен келетін лексикаланған тұрақты тіркестер мен зат атаулары бірге жазылады: ortaazıalyq, jerjúzilik, arampıǵyldyq, búkilálemdik, jalpyhalyqtyq, birrettik; aýyzashar, atqaminer; ashatuıaqtylar, balyqqorektiler, jalańkózdiler, aǵashkemirgishter; kespekeskish, sabynsalǵysh, órtsóndirgish; sharýabasty, nemketti, súıkeısaldy; alypqashpa, baýkespe, janbaǵys, kireberis, kúnkóris; aýaqyzdyrǵy, aýasúzgi, bórioınaq.

Және бірінші сыңары ásire, bir, kóp, jalpy сөздерімен келген атаулар бірге жазылады: ásiresolshyl; birjutym, birqaınatym; kópmándi, kópmúshe; jalpyulttyq, jalpymemlekettik; Сондай-ақ екінші сыңары aralyq, qumar, jandy, taný, tanym, jaı, hat, aqy, ishilik сияқты сөздермен атаулар бірге жазылады: halyqaralyq; ataqqumar; ultjandy;  jaratylystaný; tiltanym; jylyjaı; ashyqhat (ashyqhat syılaý); zeınetaqy; mekemeishilik.

Күдеринова Құралай,

«Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық

орталығының Орфография бөлімінің басшысы,

филология ғылымдарының докторы, профессор.