27 нау, 2019 сағат 14:34

Бір жарым күн бойы адасқан ресейлік Қостанайдан табылды

Қостанайлық полицей адасып кеткен Ресей тұрғынына көмектесті, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ресейдің Челябі облысы Бредин ауданының 77 жастағы тұрғыны Антонина Чепухина 24 наурызда таңғы жүгіруге шығып, адасып кеткен. Бірнеше сағаттан кейін оның туыстары жергілікті полиция органдарына, РФ мен ҚР шекара бөлімшелеріне хабарласып, дабыл қақты.

«Жоғалған әйел абайсызда Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өткен. Оның Қостанай облысы, Денисов ауданы, Комаров ауылдық округінің аумағында жүргені анықталды. Іздеу жұмыстарына Денисов аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды», - делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.  

Учаскелік инспектор Сәбит Байтышев бастаған іздеу тобы бір жарым күн бойы адасып жүрген Ресей азаматын тапты. Ол Комаровка ауылынан 10 шақырым жердегі Устрашимое көлінің жанында жүрген.

Учаскелік полиция қызметкері зейнеткерді жақын жердегі елді мекенге жеткізіп, медициналық көмек көрсетті.

Зейнеткердің туыстары құтқаруға көмектескен полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.