14 мау, 2017 сағат 10:44

Бір шетелдік 60 мың теңгені таксист досыма өзі бере салған - Астана қаласының тұрғыны

Астанада тағы бір такси жүргізушісі туристті алдап кетті. Астана қаласының тұрғыны Еркебұлан Жұмановтың айтуынша, ондай жағдайларға шетелдіктердің өздері себепші болып жатады. Мәселен, бір француз Қазақстаннан кетерде таксистке 60 теңгені өз қолымен бере салған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Негізі, шетелдіктердің өздері таксистерді көп ақшаға үйретіп қояды. Мысалы, менің Тұрсын дейтін бір танысым шетел азаматын Тәшенов көшесінен әуежайға апарып тастаған. Сөйтсе, ол адам өз еліне кетіп бара жатыр екен. Қалтасындағы барлық теңгелерді Тұрсынға бере салыпты. "Францияда бұл ақшаны не қыламын?" деді де, бере салды. Санап қараса, 60 мың теңге. Ол қуанғаннан бірден машинасын қойып, "тойлап" кеткен. Сондықтан бұл жерде тек таксистерді ғана кінәлау дұрыс емес. Жаңағы оқиғаны естігендер маған да сондай клиент кездессе екен деп ойлайды. Шетелдікті көрсе, ақшаны елестетеді. Сосын неше түрлі қулыққа барады. Осылайша, Тұрсынға ақшасын беріп кеткен француз сияқты шетелдіктер жергілікті таксистерді қалай дәніктіріп қойғанын өздері де білмейді", - дейді Жұманов.

Оның айтуынша, шетелдіктер көп жағдайда такси қызметі үшін көп ақша беріп қойғандарына мән бермейді. Алданып қалғандарын білсе де, құқық қорғау органдарына арыз жазбайды. "ЭКСПО-ға дейін бір француздарды 50 мың теңгеге ҚазМұнайГазға дейін әкеліп тастаған жігіттер бар. Немістерді Нұрсаяға 30 мың теңгеге апарған таксистер де болды. Ондай жағдайлар көп қой. Сол кезде арыз түспегеннен кейін ешкімді іздемейді. Ал осы жолғы шетелдіктер "таксаны" салыстырған болуы керек, бірден құқық қорғау органдарына xабар түсірді. Әрине, тәртіптің болғаны дұрыс. Бірақ такси ақысын қымбат алу әрекеттері бізде ғана емес, барлық жерде бар ғой", - деп атап көрсетті Еркебұлан Жұманов.

Айта кетейік, елордада Германия азаматы полицияға арызданды. Шағымға сәйкес, оны әуежайдан қонақ үйге дейін апарғаны үшін 16 мың теңге алған.  Бұған дейін бір такси жүргізушісі Астанаға келген туристі қонақ үйге апарғаны үшін 40 мың теңге алған. Сол үшін жұмыстан қуылды. Артынан ол ақшаны шетелдік азаматқа қайтарып берді.