Белгілі журналист Бигелді Ғабдуллин мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Central Asia Monitor басылымына сілтеме жасап.
Central Asia Monitor газеті бас редакторының кеңесшісі міндетін атқарушы Бигелді Ғабдуллин оқырмандарына БАҚ-тағы ары қарайғы жұмысы туралы мәлімдеме жасады.
"Журналистикамен айналысқанымы қырық жылдай уақыт болды. Зейнетке де аз қалды. 2017 жылдың 24 қаңтарындағы сот үкімі бойынша мен басшылық орындарды жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылып, бес жылға сотталдым. (...) Алайда менің жіберген ағаттығым журналистика және баспа қызметінде ары қарай жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді деп ойлаймын", - делінген Ғабдуллиннің мәлімдемесінде.
"Бұл менің саналы түрде қабылдаған шешімім. Мен бәрін бағамдадым. Бұл шешімнің астарында ешқандай саяси себеп жоғын ерекше атап өткім келеді. Мен Н.Ә.Назарбаевты және оның қазақстандықтардың өмірін жақсартуға бағытталған саясатын қолдаушы болып қала беремін", - деп атап өтті ол.
"Иә, мен - ҚР Президенті саясатын қолдаушымын, өйткені Қазақстан жағдайында ең дұрыс саясат екеніне бірнеше рет көзім жетті. Кез келген адамда қателік болады. Маңыздысы оны дер кезінде түсініп, ой түю", - делінген мәлімдемеде.
Бигелді Ғабдуллин 2016 жылдың қарашасынан 2017 жылдың қаңтарына дейін қамауда болған. Тергеу Ғабдуллин өзіне қарасты БАҚ-ты пайдаланып, мемлекеттік органдардың басшыларына олардың "іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдар жариялау жолымен" ақпараттық шабуыл жасаған, кейін ол лауазымды тұлғалардан "сыни жарияланымдарды тоқтату үшін өз ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыстар беруді бопсалаған" дейді.
Бигелді Ғабдуллин сотта өзіне тағылған айыптарды мойындап, "мемлекеттік тапсырыс алу үшін бопсалау" жолымен алған қаржысын қайтарып, бас бостандығын шектейтін жаза алған.
Бигелді Ғабдуллин 1990 жылдардың ортасында бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдинді қолдаған оппозициялық "21 ғасыр" басылымының бас редакторы болған. Ол 2001 жылы қуғындалып, Қазақстаннан АҚШ-қа кетіп, ол жақтан саяси баспана алған. Ғабдуллин 2004 жылы саяси эмиграциядан оралып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұраған. Қазақстанға оралған соң ол Central Asia Monitor газетін ашып, Radiotochka.kz сайтын құрған.
Ұлыбританияда тұратын Әкежан Қажыгелдин 2001 жылы сырттай коррупциялық қылмыс жасады деп айыпталып, 10 жылға сотталған.
Radiotochka.kz сайты биыл сәуірде "қаржылық мәселелерге байланысты жұмысын тоқтататыны" хабарланған.