Екатеринбургта бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстаннан Сәкен Бибосынов бірінші болып жартылай финалға шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сәкен ширек финалда 52 келіге дейінгі салмақта армениялық Артур Оганесянмен жұдырықтасты.
Бойының ұзындығын пайдаланған С.Бибосынов арақашықтықты сақтай отырып, көбірек ұпай жинай алды. Соның нәтижесінде бес төрешінің төртеуі жеңісті Сәкенге берді.
А.Оганесян де осал боксшы емес. Биыл Минскіде өткен Еуропа ойындарының чемпионы.
Сәкен мұның алдында Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, колумбиялық Юберхен Мартинесті ұтқан еді.
Осылайша Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті деуге болады. Кем дегенде, қола медаль қалтада.
Әлем чемпионаты одан әрі жалғасуда. Бүгін әлі алты боксшымыз рингке шығады.