31 мам, 2017 сағат 10:28

Бибігүл Төлегенова: «Халық жауының қызы» деген атақ әкем ақталғанға дейін қыр соңымнан қалмай жүрді

Репрессия – Сталиннің сұм саясатын жүзге асырған тоталитарлық тәртіптің салқын қаруы. Бұл қарудың күшімен 1937-38 жылдары 105 мың қазақстандық қудаланып, оның 22 мыңы ату жазасына кесілді. Сол қаралы тізімнің ішінде күміс көмей әншіміз Бибігүл Төлегенованың әкесінің есімі де бар.

Халық әртісінің әкесі Ахмет Төлегенов Өскемен облысында (қазіргі Шығыс Қазақста,н облысы – автор) Қатоңқарағай ауданының аудандық комитетінде хатшы болып жұмыс істеген. Жалған жала жабылып, 1937 жылы Сталиннің жендеттері Алматыға алып кетеді. Сол кеткеннен әнші әкесін мүлде көрмеген. Кейін 1958-60 жылдары «Посмертно реабилитирован» деген бір-ақ парақ қағаз келген. Бибігүл апамыздың қолында сол қағаздан басқа әкесі жайында еш ақпарат болмаған. Әкесі репрессияға ұшырап, «халық жауының қызы» атанған әнші өзінің бастан кешкен қайғы-қасіреті жайында өз сұхбатында кеңірек әңгімеледі.

- Бибігүл Ахметқызы, сізге бақытты балалық шағыңыздан айырған Сталиндік режим, жазықсыз жандарды жайратып салған тоталитарлық тәртіп кітаптардан, кинолардан таныс емес. Сіз оның қасіретін өз басыңыздан өткеріп, зардабын тартқан жансыз. Әкеңізге жалған жала жабылып, 1937 жылы оны алып кеткеннен кейін мүлде көрмедім дедіңіз. Кейін Кеңестік жүйе күйреп, бар шындық белгілі болғанда, әкеңіз жайлы қандай мәліметтер қолыңызға тиді?

- Кеңес үкіметі ыдырап, архивтегі жасырын құжаттар сыртқа шыға бастағанда арасынан репрессияға ұшырағандардың тізімі де табылды. Оның ішінде әкем Төлеген Ахметов жайында да мәліметтер бар екен. Оған сенсек, әкем 1938 жылы 11 наурызда Алматы қаласы маңында ату жазасына ұшырапты. Оған жабылған жаланың да құжаты бар. «Жапондық контр...», ол терминге тіпті тілім де келмейді. Әйтеуір «жапондық тыңшы» тәрізді бірдеңе. Бірақ мен ол заманда әкемнің жапондық контрабандист болмақ түгілі, Жапония деген мемлекеттің бар екенін білгеніне күмәнданам. Кеңес үкіметінің қазақ халқын мәңгүрттендіріп, зиялы, оқымысты қауымынан арылтудың амалы ғой...

- Әкеңіз репрессияға ұшыраған соң, бастарыңыздан қандай қиындық өткердіңіздер?

- Шешем Майнұр 25 жасында алты баламен, бойындағысымен жетеу, жалғыз қалды. Мен бар-жоғы жеті жастамын. Семейдің ет комбинатында жұмыс істейтін. Әр он күн сайын тергеуге барып тұрады. Сауаты шамалы адамнан қандай ақпарат алғылары келгенін білмеймін, үйге үнемі бет-аузы көгеріп қайтатын. Кейін Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Анамды мазалауларын қойды. Алайда кәмпескелеу кезінде төлқұжатынан айырылғандықтан ол соғыс кезінде заңсыз, құжатсыз жүргендерге басталған рейдтен қорқып, жұмыстан келген соң жерқоймада тығылып ұйықтайтын. Таңғы алтыда тұрып, жұмысына қайра кетеді. Сөйтіп, соғыс бойы құжатсыз жүрді. Бірақ күндердің күні бруцеллез ауруына шалдығып қалғаннан соң мүгедектікке өтіп, қалай екенін білмеймін, әйтеуір жәрдемақы алып жүретін.

Соғыс кезінде «халық жауының баласы» болғандықтан үкіметтің назарынан мүлде тыс қалдық. Мектепте әкесі соғыста қаза тапқандардың балаларына дәптер, қалам, аяқтарына пима беріп жататын. Ал біз болсақ, газеттерді қиып-қиып дәптер жасап, «86-шы» сымды шытқа байлап, сонымен жазып жүрдік. Жетім балалардың аяғында пима, үстілерінде жылы тон, пальто. Қатты қиналғанда оларды көріп, «тым болмаса неге жетім болмадым екен» деп налисың. Үйде әкемнің қалың тоны бар, бұрын «борчатка» дейтін, енді оны кім киер дейсің деп, шешем әлгіні шетінен қиып, аяғыма жылылап тәпішке тігіп береді. Үстімде жұқа жетелке, сыртынан әжемнің үлкен шәлісін байлап жүріп оқуға барамын. Мектепке бара жатқанда бірдеңені теуіп ойнап барасың, ойнап қайтасың. Ол кезде балалық қызығыңды басатын қуыршақ та жоқ, солай көңіл көтереміз. Осылайша, әлгі тіккен тәпішкені үш-төрт күнге жеткізбейсің. Сосын шешем мені «бар нәрсені күтіп кимейтін не деген жексұрынсың» деп ашуланып ұрады.

Үйдегі еті тірі бала мен едім. Кезекте тұрып нан алу, су тасу, от жағу деген шаруаның бәрі менің мойнымда болды. Анам бруцеллез болып ауырып, төсек тартып қалған соң, 13 жасымнан қара жұмысқа жегілдім. Күндіз жұмыс істеп, кешке оқуға барам.

Соғыстың ауыр уақытында анам үш баласынан айырылды. Соңғы қайтқан екі сіңілімді өзім жерледім. Әсіресе, 1943 жылы сіңілім Клараны жерлегенім есімде. Анам ауырып, басын көтере алмай қалды. Көрші апаймен бірге жұмыстан берген үлкен тақтайды сүйретіп әкеп, жер қаздық. Көрші келіншек қазған жеріне отырады да, «алыстан қарашы, басым көрініп тұр ма?» деп сұрайды. Мен «көрініп тұр!» деймін. «Онда мен шаршадым, енді сен қаз» деп күректі маған ұстатады. Он төрттегі қызда қанша біл әл бар дейсің. Әлгіні, әйтеуір, қазып, ішіне жұмсақтап шөп салып, тақтайды кесіп-кесіп қиғаштап тастап, өзімше ырымын жасап, сіңілімді қолымнан келгенше жерледім. Біздің үйдің бір бөлмесінде Ростовтан келген госпитальдің дәрігерлері тұратын. Олар маған көп қып бинт әкеліп, сіңілімді ақ матаның орнына соған орадық.

- Өнер жолыңызда әкеңізге жағылған жалған күйе кедергі болған жоқ па?

- Әрине, «халық жауының баласы» деген атақ әкем ақталғанға дейін қыр соңымнан қалмай жүрді. Тың игеру жылдары ұжыммен шетелге гастрольдерге шақырады. Мәскеуге барып құжат толтырғаннан кейін хабар күтем. Еш жауап жоқ. Бәрі кетеді, мен қаламын. «Біреулердің танысы бар, ал менде ешкімім жоқ» деп іштей қиналып жылаймын ғой. Құжат толтырғанымда «Әкем 1937 жылы әкетілген, одан кейін хабар жоқ» деп шындығымды жазбаймын ба. Сөйтсем, жоғары жақтағылар мұны оқығаннан соң құжатымды өткізбей, «іс-сапарда жүруіне байланысты» немесе денсаулығына байланысты бара алмайды» деп «отказ» жібереді екен. Кейін 1958-60 жылдары «Посмертно реабилитирован» деген қағаз келді. Сонда ғана әкемнің репрессияға ұшырағанын білдім. Осылайша, он жыл дегенде алғаш рет шыққан мемлекет Мысыр елі болды. Содан кейін мені ешкім тоқтата алмады. Тоқтатуға құқықтары да, себептері де жоқ қой!

Сонда мен ойлаймын, өзіңнің кінәсіз екеніңді дәлелдеу үшін өміріңді беру аз, үкіметтің көзін ашып, ақталып шығу үшін ақиқат жолында жиырма жыл жер астында жатып та күресуің керек екен.

- Өміріңізге өкпелісіз бе?

- Тағдырыма ашулымын деп айта алмаймын. Бірақ жүректің түбінде бір реніш бәрібір қалып қояды екен. Құдайға шүкір, жастығымда тартқан бейнетімнің қазір халқымның арқасында зейнетін көріп отырмын. Ол кезде үкімет маған ешқандай қолқабыс жасаған жоқ. Тек халқымның арқасында талантым мойындалып, содан кейін бет бұра бастады маған.

Бұрын бала кезімде, сөйлей алмасам да, ыңылдап ән айтып жүреді екенмін. Сонда әкем естіп, «Әй, Мәйна (шешемді еркелетіп осылай атайтын), ертең көресің, менің осы қызым атақты әртіс болады» дейді екен. Осы сөзі періштенің құлағына шалынып, бүгін, мінекей, осындай дәрежеге жетіп отырмын. Немерелерім бар, шөберелерім бар. Халқымның берген атақ-лауазымы да бар. Астана қаласының ең құрметті қонақтарының бірімін. Біріншісі – Елбасы, екіншісі Румынияның үлкен бастықтарының бірі, үшіншісі – менмін. Осы жақта үлкен пәтерім де бар. Осының бәрі үшін біздің Президентімізге дән ризамын. Елбасымызға «Еңбек ері» орденін ұсынғанда да, «бұл мәртебеге менен де лайық адам бар» деп, маған бергізді. Тағдырға қалай риза болмасқа. Әкемнің көрмегенін шешем көрді. Ол кісі 91 жас өмір сүріп, бертін Тәуелсіздігіміз қолымызға тиіп, егеменді ел болғанымызды көріп қайтыс болды.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын Астана түбіндегі Алжир мұражайына қаншама архивтік құнды құжаттар тапсырдыңыз. Ол қандай-қандай құжаттар еді?

- Репрессияға ұшырағандардың тізімі бар. Ол тізімде менің әкемнің аты тіркелген. Ақталған қағазы бар. Ондай құжатты да жасау керек екен, біз білмеппіз. Әкемнің өз қолымен толтырған жеке қағазы бар екен, жеке ісі бар. Ұсталған кезінде қырымен, алдымен түскен суреттері бар. Әкемнің жай жүк тасушыдан хатшылыққа дейінгі жеке өмірбаяны бар. Міне, осы құжаттардың барлығын Алжир мұражайына тапсырдым.

- Алланың, халықтың арқасында барлық мақсаттарыма жеттім дейсіз. Мүмкін, әліде болса орындалмай қалған арманыңыз бар шығар?

- «Адамның арманы екі жамбасы қара жерге тигенде ғана болмайды» дейді. Әрине, тірі жан болғаннан кейін қиял, арман кез келген адамда бар. Оның бәрін тізіп айта берсем, уақыт та тығыз. Бірақ соның ішіндегі басты арманым – жасым келсе де елімнің алдына шығып, құлағының құрышын қандыру.

- Әумин. Арманыңыз орындалып, әлі де көрермен көзайымы болып жүре беріңіз. Ұзақ ғұмыр тілейміз. Сұхбатыңызға рахмет!

Алтын АҚИҚАТ

Baq.kz