19 нау, 2021 сағат 17:21

Бейжіңде Наурыз мерекесі өтті

Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) қатысушы елдердің өкілдері Бейжіңде халықаралық Наурыз-2021 мерекесін атап өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Норов құттықтау сөзінде көктемгі күн мен түннің теңесетін шағы – Наурыз мейрамының үш мың жылдан астам тойланып келе жатқанын атап өтті. Бұл мереке өркендеу мен игілікке, бейбіт өмірге деген үмітті білдіреді.

Оның айтуынша, наурыздың «жасампаз және біріктіруші рухы» «ШЫҰ-ның табысты дамуы үшін бірлікті, тұтастықты және өміршең күшті», сондай-ақ «елдерімізде бейбітшілік пен игілікті» қамтамасыз ететін «Шанхай рухына» сай келеді. Құттықтауға ҚХР-да тіркелген ШЫҰ мүше мемлекеттердің елшілері қосылды. 

«ШЫҰ отбасылары» халықтарының әдемі әуендері мен әсерлі билері, Наурыз дастарханына қойылған дәстүрлі түрлі тағамдар мен аспаздық тағамдар көктем мерекесін жандандырып жіберді.

Қонақтар ұлттық павильондарды аралап, Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің ұлттық қолөнер бұйымдарымен танысты. 

Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылы Наурыз ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілген болатын. 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп жариялады.