19 ақп, 2021 сағат 15:31

Бейжіңде коронавирусқа қарсы вакциналау қалай жүргізілуде?

2021 жылғы 1 қаңтарда Бейжіңде COVID-19 вирусына қарсы вакциналау басталды. Бірінші кезекте екпені Қытай астанасы халқының тоғыз негізгі тобы алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазіргі уақытта Бейжіңде шұғыл вакциналауды жүргізетін 8,7 мыңнан астам медицина қызметкері және 66 муниципалдық бригадасы бар 205 екпе салдыру пункті (стационарлық және уақытша) ашылды. 

Алғашқы екі аптада ҚХР астанасында вакцинацияның күнделікті ауқымы 100 мыңнан 150 мың адамға дейін жетті. 14 қаңтарға дейін Бейжіңде COVID-19 вирусына қарсы вакцинасының шамамен 1,5 миллион дозасы егілді. 

Вакцинаның алғашқы қабылдаушылары медицина, полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, кеден қызметкерлері; халықаралық және ішкі қатынастардағы көлік саласының қызметкерлері; тамақ өнімдерін өндіру және жеткізу саласындағы жұмысшылар және т.б. болды. 

Бейжің муниципалды үкіметінің мәлімдеуінше, қытайлық мегаполисте вакцинацияны өндіру, жеткізу және сақтау, оны практикалық қолданудан бастап, жанама реакциялар мен кері байланысты бақылауға дейін, осы процестің толық қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін орталықтандырылған вакцинацияны басқару жүйесі құрылды. 

Қытай астанасының тұрғындарын вакцинациялауға қатысатын медициналық персонал «3 тексеру, 7 растау және 1 анықтауды» қамтитын техникалық нұсқаулықты қатаң ұстанады. Үш тексеру (вакцина алушының денсаулық жағдайын тексеру, аллергиялық реакциялардың сырқатнамасы, сондай-ақ вакцинаның сыртқы түрін, партия нөмірін, жарамдылық мерзімі мен шығарылған күнін тексеру), жеті растау (вакцинаны алушының аты-жөні мен жасын, вакцинаның атауы, ерекшелігі, дозасы, вакцинаның енгізілу жағдайы мен тәсілін растау) және бір анықтау (бұл медицина қызметкерлерінің вакцинаны алушыға не оның қамқоршысына вакцинаның өзінің сыртқы түрін және оның жарамдылық мерзімін көрсетуге міндетті екенін білдіреді). 

ҚХР астанасының тұрғындары мен қонақтарының коронавирусқа қарсы вакцинация туралы хабардарлығын арттыру мақсатында Бейжің әкімшілігі Қытайдың әлеуметтік желілерінде вакциналар мен оларды қолдану туралы ақпаратты қамтитын жалпыға қол жетімді аккаунттар құрды, сондай-ақ инфекционист дәрігерлермен консультациялар өткізу үшін «жедел желі» ашылды. Халықпен вакцинациялау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары шеңберінде гипертония, қант диабеті және қалқанша без ауруларынан зардап шегетін адамдар тобына ерекше көңіл бөлінеді.