Әнші Димаш Құдайберген әлемдік деңгейдегі қандай әншілермен жұмыс жасап жатқаны және алдағы жоспары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әрине, әнші үшін жақсы композиторлармен жұмыс жасау өте маңызды болып табылады. Осы орайда, менің мансабымда, шығармашылық өмірімде жақсы композиторлар кездесіп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі уақытта біз Игорь Крутоймен жақсы музыкалық тандем болып жүрміз. Ол кісінің кәсіби тұрғыдағы біліктілігі, музыкадағы білімі туралы ұзақ әңгіме айтуға болады. Өйткені, ол Паваротти, Лара Фабиан, Дмитрий Хворостовский секілді әлемдік композиторлармен жұмыс жасаған білікті өнер иесі. Қазіргі таңда Крутойдың шығарған бірнеше туындылары менің репертуарыма еніп отыр», - деді Димаш Құдайберген ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Әнші өз сөзінде сол секілді «Титаник» әні бойынша жұмыс жасаған, Грэмми сыйлығының екі мәрте иегері Уолтер Афанасьефф есімді тамаша композитормен шығармашылық қарым-қатынаста екенін атап өтті.
«Бірақ халыққа әбден толыққанды піскен дайын шығарманы ұсынғымыз келеді. Сол себептен мен өзіме немұрайлы қарай алмайтын музыканттар қатарынан болғандықтан, әрбір әнді шығармас бұрын жүз ойланып, мың толғанамын. Ал менің сахнаға алып шығып, орындап жүрген әндерім тек композиторлардың емес, менің де жүрегімнен өткен әндер. Ал ол әндерді бірден кезіктіру өте қиынға соғады», - деді әнші.
Димаш жақында ең алғашқы альбомы жарық көретінін айтып өтті.
«Қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Алдағы мақсаттарды жайып салғанды жөн көрмейміз. Дегенмен айтып өтейін, Игорь ағамыз екеуміз айтып жүрген «Қалжыраған аққулардың сезімі» деген әнге бейнебаян түсіргелі жатырмыз. Одан кейін Америкадағы композиторлардан келген тамаша әндерге бейнебаян түсіргелі отырмыз», - деді Димаш.
Еске сала кетсек, бұған дейін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Димаш Құдайберген Жастар жылы аясында Астанада концерт беретінін хабарлаған болатынбыз.