23 мау, 2020 сағат 07:14

«Бэйдоу» навигациялық жүйесінің соңғы жерсерігі ұшырылды

Сейсенбі күні Қытай «Ұлы сапар-3Б» зымыран-тасығышының көмегімен «Бэйдоу-3» жаһандық навигациялық жүйесінің соңғы геостационарлық жерсерігін ұшырды. Миссия Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясының «Сичан» ғарышайлағында орындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұшырылым сейсенбі күні Бейжің уақытымен сағат 09:43-те орындалған.

Қытай соңғы жерсерікті ұшыру арқылы жеке жаһандық навигациялық жүйені қалыптастыруды аяқтап отыр.

Еске сала кетсек, Қытайдың «Бэйдоу» навигация жүйесі үш кезеңде жүзеге асырылды. 2000 жылы Қытай аумағын қамтитын «Бэйдоу-1» жүйесінің бір бөлігі қалыптастырылды, 2012 жылы Азия-Тынық мұхит аймағын қамтитын «Бэйдоу-2», 2020 жылы жаһандық навигациялық топты қамтитын «Бэйдоу-3» қолға алынды. «Бэйдоу-3» жүйесінде 30 жерсерік бар, оның 29-ы Жер айналасына орбитаға шығарылған.

«Бэйдоу» қытайлық клиенттерге, соның ішінде азаматтық тұлғалар мен әскери құрылымдарға бүкіл әлем бойынша жеке навигациялық жүйе қызметін пайдалануға мүмкіндік беретін әлемдегі төртінші ірі жаһандық навигациялық жүйе болмақ.