Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрлігі «Қазақстан Республикасының Ұлттық Музейі» РМКК жанынан «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы жаңа мекемесі құрылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы қызметінің негізгі мақсаты - өлкетану бойынша ғылыми-зерттеу жұмысы, өлкетану саласындағы ағартушылық жұмыс, республикадағы өлкетану жұмыстарын әдістемелік қамтамасыз ету, мемлекеттік және қоғамдық өлкетану ұйымдарымен, жергілікті мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері, Қазақстанның архивтері мен музейлерімен бірге ынтымақтастықта өлкетану тақырыбындағы ғылыми-зерттеу іс-шараларын ұйымдастыру.
Қазіргі таңда Қазақстанда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынған «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» («Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы»), «Туған жер» жобаларын құру мәселелері талқылану үстінде. Бағдарлама аясында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді қолға алу көзделген. Сондай-ақ, Елбасы «Туған жер» жобасымен бірге жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру қажеттілігін атап өттті. Осылайша, Президент «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын ұсынды. «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын» - деп атап өткен болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
«Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы болып Берік Бақытұлы Әбдіғалиев тағайындалды.
Берік Бақытұлы Әбдіғалиев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында ғылыми қызметкер, Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, директордың орынбасары болып қызмет атқарған. Теміртау қаласы әкімінің орынбасары, Жезқазған қаласының әкімі, 2012-2013 жылдары Қостанай облысы Арқалық қаласының әкімі қызметтерін атқарды.