Жамбыл обылысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалған Тараз қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Досаев қызметінен босатылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"2021 жылдың 3 тамызында Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қайрат Досаев қызметінен босатылды", - деді облыс әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.
Өңір әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Досаев 2019 жылдың 20 желтоқсанында Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы қызметіне тағайындалған.
Ал 2021 жылдың 30 шілдесінде Қ. Досаев 2019 жылдың 20 желтоқсанынан бастап атқарған Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы қызметінен босатыла отырып, Жамбыл облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тең дәрежелі лауазымына тағайындалды.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуге тапсырма берілген еді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа 2019 жылы жұмысында едәуір олқылықтарға жол беріп, қызметінен босатылған Досаевты әкімдіктің басқарма басшысы етіп тағайындағаны үшін сөгіс жариялаған болатын.
Қайрат Досаев 2019 жылдың қараша айында қала мектептерінің бірінде 12 жастағы қызды зорлау оқиғасына байланысты Тараз қаласының әкімі қызметінен босатылған.
