30 нау, 2017 сағат 16:39

Бердібек Мәшбекұлын "клондау" керек - Сағынтаев

Ақтөбедегі мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ақтөбеліктерге алғысын білдірді. Тіпті, бұл істің бәрін жасап жатқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев болса, онда оны клондау қажет деп ұсыныс айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бүгін түстен кейін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік жаңғырту бағдарламасының орындалуына арналған жиынға қатысты. Кездесуге аудан әкімдері мен денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет саласының басшылары, қызметкерлері қатысты. Кеше кешкілік Ақтөбеге келген Үкімет басшысы қар жауып, борандатқан Ақтөбенің жұмыстарына дән риза екенін жасырмады.

«Көрген нәрсеге көз тойып отыр. Өткен жылы келген болатынмын, биыл көп нәрсе өзгерген. Еліміздегі экономиканың өсуі, Елбасы берген тапсырмалардың жергілікті жерде дұрыс орындалуы, халықтың әл-ауқатының артуы. Осы жұмыстың бәрі атқарылып жатыр. Бердібек Мәшбекұлына, ақтөбеліктерге ризашылығымды айтамын»,- деді Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев.

Ақтөбеге келген Үкімет басшысы «Сымбат» жеке мектебін, «Көзайым» офтальмологиялық орталығы, Жедел жәрдем бекетінің құрылысымен танысты. Бәрі мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде іске асырылып жатқан жоба. 

«Ақтөбенің ерекше аурасы ма, ол жағын білмеймін. Бәрі осы жерге келеді. Еліміздің басқа облыстары ғана емес, шетелдік инвесторлар да келеді. Жедел жердем бекетінің құрылысына бардым. Неге тек Ақтөбе облысында мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде салынып жатыр? Барлық облыс орталығында дәл осындай жедел жәрдем бекеті бар. Неге олар шетелдік инвесторларды қызықтырмайды? Шетелдіктер тек келіп қана қоймай, құрылыс жүргізіп жатыр. Олар өз қаржысына жедел жәрдем бекетін салып жатыр. Егер бұл істің бәрі Бердібек Мәшбекұлының арқысында болса, онда оны клондау керек»,- деді Премьер-Министр Б.Сағынтаев.

Жиын кезінде Үкімет басшысы әлеуметтік саланы еркіндікке жіберу қажет екенін айтты. Бәсекелестік ортада бұл саланы дамытуға болады. Тіпті, үлкен сенім бар. Сөйтіп, білім, медицина, мәдениетке мемлекет жауапты деген қасаң ойды бұзуға болады.

«Ақша алып, балабақша, аурухана салу керек. Бұл жұмыстың бәрін тек мемлекет атқарып келді. Ақтөбеден көріп отырмыз, жекенің өзі-ақ салып береді. Тіпті, мемлекеттен арзанға,  сапасын жоғары етіп салады. Ол үшін не істеу керек? Кәсіпкердің жағдайын жасау керек. Инфрақұрылымы қымбат. Оны апарып беру керек. Мемлекет есебінен салса да сол инфрақұрылым тартылады ғой. Жерін тегін берсе... Бәрін жасағаннан кейін құрылыс оңай болады. Кәсіпкер мемлекеттік тапсырыс арқылы пайда табады»,- деді Б. Сағынтаев.