Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Бельгияның «СИНЕМАТЕК» корольдік кино өнері орталығында «Томирис» фильмінің арнайы көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігінің хабарлауынша, шараны Франциядағы Қазақстан киносы қауымдастығының қолдауымен Бельгия, Люксембург және Франциядағы Қазақстан киносы апталығы аясында қазақстандық дипломаттар ұйымдастырған.
Санитарлық шектеулерге қарамастан, қазақстандық кинематографияға деген қызығушылық жоғары болды. Екі жылда бірінші рет көрсетілім офлайн-форматта өтіп отыр.
Шара қонақтары арасында Еурокомиссияның Еуропалық сыртқы байланыстар қызметі, Еуропалық Парламент, НАТО, Брюссель қаласындағы дипломатиялық корпус қызметкерлері және өзге де ресми тұлғалар болды.
Алайда келушілердің басым бөлігі жергілікті тұрғындар мен қазақстандық диаспора өкілдері болды. Олар еліміздің Тәуелсіздік жылдары жеткен экономикалық және мәдени-гуманитарлық даму саласындағы жетістіктеріне арналған суреттер көрмесін танысты.
Шара қонақтарын қарсы алу кезінде Қазақстанның Бельгиядағы Уақытша Сенімді өкілі Жандос Бұхбантаев 30 жылда Қазақстанның экономика, мәдениет және сыртқы саясатта айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өтті. Қазақстан Еуропалық Одақ және Еуропаның өзге де елдерімен сенімді және өзара тиімді қарым-қатынастар құрды. Ж. Бұхбантаевтың айтуынша, «Томирис» картинасы арнайы таңдалды – себебі фильм қазақ жерінде тіршілік еткен ежелгі тайпалардың бай тарихын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар картина авторларының басты идеясы – бірлік пен патриотизмді сақтау мен қазақ мемлекеттілігін нығайтудың маңызын баяндайды.
Қазақстан киносы қауымдастығының жетекшісі Андрей Иванов, сонымен қатар Томиристің әпкесінің рөлін сомдаған Айжан Иргалиева көрермендерге заманауи қазақстандық кино өнеріне қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді. Қазақ киносы еуропалық киномандар арасында танымал болып келеді.
CINEMATEK – Бельгия астанасындағы кинофестиваль өткізуге арналған ірі орталық. Мұнда 1938 жылы Анри Шторк, Андре Тирифейс және Питом Вермейлен негізін қалаған корольдік фильмдер бейнеқоры орналасқан, ішінде 180 000 көшірме мен 85 000 негатив сақталған. Кино апталығы аясында 2021 жылдың 15 желтоқсаны күні Люксембург көрермендері «Кинеполис» ірі кинотеатрында Канн фестивалінің лауреаты актриса Самал Еслямова түскен «Уақыт жолдары» фильмін тамашалай алады.