Жұма күні Бельгияның коронавирусқа қарсы күрес консультативтік кеңесінің отырысы өтіп, карантин ережелерін жеңілдету стратегиясы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бельгия коронавирусқа қарсы күрестің кейбір шараларын ресми түрде жеңілдетіп, кей секторлардың жұмысына басымдық берді», - деп мәлімдеді премьер-министр Александр Де Кроо баспасөз мәслихаты кезінде.
Министрлер кабинеті басшысы елдегі эпидемиологиялық жағдай бақылауда болса ғана мұндай жеңілдету шаралары жүзеге асатынын атап өтті.
Осылайша, 8 наурыздан бастап бельгиялықтар ашық аспан астында 10 адамға дейін жинала алады. Жерлеу рәсіміне 50 адамға дейін қатысуға рұқсат етіледі.
13 жасқа дейінгі балаларға ашық аспан астында 25 балаға дейін, жабық ғимарат ішінде 10 балаға дейін қатыса алатын іс-шаралар ұйымдастыруға болады.
15 наурыздан бастап Бельгия жоғары оқу орындарының студенттері аптасына бір күн сабаққа барып, қатыса алады.
Сәуірден бастап ашық аспан астында 50 адамға дейін қатысатын діни қызметтерді өткізуге болады. Бірақ маска тағу мен әлеуметтік қашықтық сақтау міндеттеледі.
Қонақүй мен мейрамханалар тек 1 мамырдан бастап ашылады. Ашылу қатаң тәртіппен өтеді, оның ішінде коронавирустың бар-жоғын анықтайтын жедел тест тапсыру да бар. Қалпына келтіру жұмыстарының басқа да тұстарын үкімет жақын арада толықтырады.