29 мау, 2020 сағат 10:00

Белгілі журналист Қуандық Шамахайұлы ауруханада көз жұмды

Бүгін белгілі журналсит Қуандық Шамахайұлы Елодадағы ауруханалардың бірінде көз жұмды, – деп хабралайды «Ұлт ақпарат».

Қуандық Шамахайұлы 23 маусымда COVID-19 жұқтырды деген күдікпен жедел жәрдем қызметі арқылы Нұр-Сұлтан қаласындағы ауруханаға түскен. Бүгін журналистің қайтыс болғаны хабарланды. Қазір өлімнің себептері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Қуандық Шамахайұлы – Қазақстанның мәдениет қайраткері әрі филология ғылымының кандидаты, әдебиеттану доценті. Ол 1961 жылы Моңғолияда туған. Сол елдің мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алып, көркем аудармамен айналысқан.

1993 жылы Мадридтегі Халықаралық журналистер ұйымына мүшелікке өтіп, БҰҰ мен ЮНЕСКО мойындаған «халықаралық журналист» деген арнайы мәртебеге ие болған.

АҚШ, Жапония, Колумбия, Канада, Швейцария, Қытай, Ресей, Моңғолия жазушыларының таңдаулы шығармаларын қазақ тіліне аударды. Альфрейд Нобель атындағы әдебиет сыйлығын әр жылдарда алған жазушылардың таңдаулы әңгімелерінен де арнайы аударып, әдеби басылымдар мен порталдар арқылы оқырманға ұсынды.  «Таскене», «Сексеуіл бүршік жарғанда» романдарының, «Кішкентай адам», «Сағым жыл» әңгімелерінің авторы.

Досай Кенжетай, мәдениеттанушы, профессор:

Қуандық ағамыз өте парасатты жан еді. Білімді еді. Қоғамда танитын адам еді. Өзінің маманы, өз ісінің шебері еді. Әлеуметтік желілерде де достығымыз бар еді, хабарласып тұрдық. Ақылдасып,  кеңесіп тұратынбыз. Марқұм енді бүгін дүниеден өтті. Арты қайырлы болсын. Ештеңе айта алмаймыз. Бәрі Алланың ісі болып тұр. Мына індет деген пәле жайлап, себеп қой не болса да. Алла «жанды мен аламын, бірақ себебін біреу оттан, біреу судан, біреу ауадан көреді» дейді.  Дәм тұзы таусылған шығар.

Артында қалған отбасына, жарына, бала-шағасына өмірін берсін. Алла ұрпақтарына ісін жалғастыруды нәсіп етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Сұраған Рахметұлы, ақын:

Қуандық Шамақай «Ұялас төбеттер» (2019), «Кішкентай адам» (2019),  «Темір ноқта» романдары жарық көрді. Ең соңында «Сүрткіш» әңгімесі жарық көрді. Екі тілді ерекше керемет меңгерген жазушы еді. Амал нешік арқалы арғымақ қаңтарылды! Оның сатиралық памфлеттері де өз алдына бөлек әлем!

Қаламдас әріптестерге дүниежүзіндегі қазақ қандастарға, марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтамын!

Марат Уатқан, қоғам белсендісі:

Сенбейін десем де Қуандық Шамахайұлы жазған соңғы ақпараттар легі бізбен қоштасқанын растайды. Ажалы неден келгенін тəуелсіз экспертиза анықтай алады деп сенеміз, егер біздің елде ондай мүмкіндік қалған болса!

Бақұл бол, Қуаш! Алдыңнан жарылқасын! Артыңда қалған туыстарыңа сабыр берсін! Қайғырып көңіл айтамын, Сені жоқтап отырған туыс, дос-жаран, оқырман, барша қауымға!

Ғалымның өзі өлсе де хаты өлмейді. Қамшының қысқа сабындай мына өмірде жазған еңбегің халқыңмен бірге жасайды.

Халқың аман болсын! Халқыңмен бірге Сен де мəңгі жасайтын бол!

«Ұлт» порталының ұжымы да марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.