30 мау, 2021 сағат 08:28

Беларусь спорттық жүру бойынша әлем чемпионатын өткізу құқығынан айырылды


Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы 2022 жылы спорттық жүру бойынша әлем чемпионатын Минск қаласында өткізбеу жөніндегі шешім қабылдады.

Ұйым мәлімдемесінде қазір жарысты өткізу жөнінде басқа елдермен сөйлесіп жатқаны, оның қорытындысы жөнінде кейінірек мәлімет берілетіні жазылған.

"Жарысты басқа қалада өткізу шешімі қауіп-қатерді анықтайтын комитет баяндамасынан кейін қабылданды. Баяндамада Беларусьпен дипломатиялық қарым-қатынастардың анық болмай жатқаны және бұл өлкеге барудағы шектеулер қауіп-қатерді күшейтеді" деп жазылған мәлімдемеде.

Өткен аптада Минскте триатлон бойынша жарысқа қатысып жатқан үш велосипедші ұсталып, сот шешімі бойынша екеуі 15 тәулікке, біреуі 14 тәулікке қамауға алынған. Бұған олардың жарыс кезінде "наразылық ретінде ұрандар айтып айқайлағаны" себеп болғаны хабарланған.

Осыған дейін Минск Хоккей бойынша 2021 жылы әлем чемпионатын өткізу құқығынан айырылған. Наурызда Халықаралық Олимпиада комитеті Александр Лукашенконың ұлы Виктор Лукашенконы Беларусьтың Ұлттық олимпиада комитетінің жаңа басшысы ретінде танудан бас тартқан.

Мамыр айында Биатлоншылардың халықаралық бірлестігі 2022 жылы наурызда өтетін Биатлон бойынша әлем кубогын Беларусьтан Финляндияға ауыстыру жөнінде шешім қабылдағанын жариялаған.

Бұдан бөлек Беларусь Классикалық пауэрлифтинг бойынша әлем чемпионатын өткізу құқығынан айырылып, жарысты Швецияда өткізу шешімі қабылданған.

2020 жылдың тамыз айындағы президент сайлауынан кейін саяси оппозиция мен тәуелсіз баспасөз өкілдерін аяусыз қудалаған Лукашенко режиміне халықаралық қауымдастық қысым көрсетіп келеді.

Еуроодақ және АҚШ, одан өзге елдер Беларусьтегі президент сайлауының ресми нәтижесін мойындаудан бас тартқан. Олар Лукашенконы ел басшысы деп санамайды.