Ақпаратқа қол жеткізу мәслелері жөніндегі комиссияның отырысында кейбір мемлекеттік органдардың қоғам мүддесін қозғайтын ақпаратты қызғыштай қоритыны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысына енгізілетін елдегі ақпараттың қолжетімділігі туралы есеп жобасын таныстырған Бекзат Рахимов саладағы тәуекелдерді атады.
Мемлекет пен қоғам коммуникацияларын дамыту департаментінің директорының сөзіне қарағанда, 2015 жылы қабылданған салалық заңға сын айтушылар бар көрінеді.
«Ақпаратқа қол жеткізу мәселесінің қатерлеріне мыналар жатады. Азаматтардың жеке және дербес деректерін қорғау талаптары мен ақпаратқа қол жеткізу талаптарының қайшылығы бар. Қоғам мен халықаралық ұйымдар тарапынан заңнаманың халықаралық стандарттарға толық сәйкес келмейтіні туралы сын көп айтылады. Әсіресе ашықтық пен тәуелсіз бақылаушы органның болмауы сынға ұшырайды. Ақпаратқа жол жеткізу туралы заңды көзге ілмеу және заң талаптарын сақтамау, сондай-ақ заңды сақтау жөніндегі құзырлы комиссияның ұсынымдарын орындау кезінде жасандылыққа жол беру белең алған. Мемлекеттік органдар қоғамның мүддесін қозғайтын мәліметтерді қызметтік пайдалануға арналған деген желеумен шектеулі ақпарат санатына жатқызуды әдетке айналдырған», - деді Бекзат Рахимов.