Алматыда өткен онлайн брифинг барысында зертханалар тестілеуді неге тоқтатқаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тестілеуге қатысты қазіргі ахуал туралы баяндай кетейін. Соңғы уақытта коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал нашарлап кетті. Бұл - диагностикалық потенциалды арттыруды талап етіп отыр. Қазір қалада 6 зертхана жұмыс істеп тұр. Бұл зертханалардың қуаты тәулігіне - 4000 тест. Бұрын ақылы зертханаға ешкім бара қоймаса, соңғы аптада сұраныс қатты артты. Кейбір адамдар айына 3-4 рет ПТР талдаудан өтіп жатыр. Оған обьективті себептер жетерлік», - деді ол.
Жандарбек Бекшин көптеген зертханалар жұмысын тоқтатқанын айтты.
«Олимп» КДЗ құрал-жабдықтары істен шықты. Оларға техникалық жөндеу жасау керек. Сол үшін «Олимп» жұмысын тоқтатты. Сондай-ақ, олар 5000-ға жуық сынама алып алды. Соларды зерттеп үлгеруі керек. Сонымен қатар Ұлттық референс зертханасында өтінім көп. Бұл зертханаға ақылы тест қабылдауға ҚР ДСМ тыйым салынған. Мұнда қазір тек мемлекеттік тапсырыс қана орындалып жатыр», - деді Ж.Бекшин.
Қазір қалада тек Ұлттық сараптама орталығының бөлімшесі ғана жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтың өндірістік қуаты – тәулігіне 1000 тест.
«Кореялық әріптестерімізбен де мәселе туындап отыр. Оларға да қажетті құралды жеткізу үшін әуебайланысы тұрақты емес болып жатыр. Сонымен қатар «Халық Арена» мұз кешені маңында тест қабылдау пунктісі ашылады», - деді Ж.Бекшин.
Келесі аптада дүйсенбіден бастап – «Олимп» КДЗ, сәрсенбіден бастап MPK Clinic жұмысын бастамақ.