Ұлт намысын ұмыт қалдырмайық!
Немесе Бекболат Тілеухан ініме айтар датым бар
Менің айтайын деп отырған пікірім депутат, еліне сыйлы, халқына қадірлі інім Бекболатқа және басқа да ел азаматтарына арналады.
Аса құрметті інім, Бекболат! Сіздің ұстанған жолыңызға, істеген іс әрекетіңізге, ой-пікіріңізге сөйлеген сөзіңізге дейін аса құрметпен қарап, іштей разы болып, қатты бағалаймын. Еліміздің, халқымыздың, әсіресе болашағымыздың гүлі – қыздарымыздың намысын қорғап айтқан небір өнегелі де өсиетті пікірлеріңізді естіп-көріп жүріп, шіркін, жігіт болсаң осындай бол деп алғысымды жаудырып іштей рахметімді де айтамын! Қазақ үшін отқа да түсетін, жоққа да көнетін, Егеменді еліміздің азаматтарының бәрі осындай болсайшы деп тілеймін!
2015 жылғы қазан айының 6-шы жұлдызында, теледидардан тілшіге берген сұқбатыңызды естіп-көріп отырып, ержүрек, батыл да батыр, айбалтадай тілімен тас жаратын Бекболат інімді танымай, танысам да томсырайып тұншығып қалдым. Бәлкім мен сияқты ауыл қарттары әлемдік экономикалық саясаттың түрлі жықпыл-жыпқылдарын түсіне бермейтін шығармыз?! Ал Ұлттық тұрғыдан қарағанда, егеменді еліміздің тұтастығын сақтай білу саясатына аздап болса да ой жүгірте аламыз. Қай елмен, қандай қарым-қатынаста болсаңыздар да, нендей мәселе шешсеңіздер де, жалпы Отанымыздың, егеменді еліміздің, азғана халқымыздың тағдыры халық қалаулылары – депутаттар, ел азаматтары сіздерге аманат етіп тапсырылған болатын! Олай болса, сіздің сол берген сұхбатыңыздағы «Қытайға біз байлығымызды бермесек, олар бәрібір бізден тартып алады, қара қытай қаптаса жағдайымыз жаман болады… Жеті басты әждаһаның жем сауытында тұрмыз» деген сияқты ой-түйіндеріңізді қалай түсінуге болады? Бұл айтып отырған батыл ой-пікілеріңіз негізсіз емес, дегенмен біздің жағдайымыз соншалықты мүшкіл хәлде емес шығар?! Сондықтан бізді шетелдің алпауыттығынан қорқып өмір сүруге мойынұсындыратындай сөз айтқаныңыз – орынсыз. Құйтырқы саясаттың қылығынан еліміз қандай жағдайға душар болатынын дөп басып, халқыңызға жетесіне жететіндей етіп жөндеп айтып түсіндіріп жүруіңіз қажет деп ойлаймын. Көпті көрген еліне танымал, аптал азаматсыз. Тиісті жерде үлкен мінбеден сөйлеуге өрісіңіз жетеді һәм мүмкіндігіз де бар. Сізді халқыңыз құрметтейді, сондықтан айтқан әрбір сөзіңіз, «мен қазақпын» деген адамның жүрегінен орын алары сөзсіз.
Сіздің көп ұстанымыңыздың бірі қыздар мәселесі. «Біз қыздарымызды қорғауымыз, аялауымыз керек, олардың ар-намысын таптатпауымыз қажет, т.с.с. ақылға қонымды, жүрекке жылы ақыл-кеңесіңізді жиі айтасыз. Осы жерде амалсыз мынадай ой туады: қара қытайдан қорқып, жеріміз бен жер байлығымызды сол қорыққанымыздан беріп отырсақ, Ұлы Отанын, өз байлығын қорғай алмай отырған бауырлас қазағыңыз шүйкебас қызын қалай қорғамақ? Қытай компанияларында жалданып жұмыс істеп, тиын-тебенмен нәпахасын әрең тауып жүрген қазақтың қара домалақ баласы кімді қорғап, кімге пана балмақ? Осы жағын ескердіңіз бе?
Баяғы заманда бір патша, қызын елшілікке жіберіп тұрып: «Қызым бөтен елге бара жатырсың, парасатты бол, абыройыңды жоғалтпа, басыңды аман сақта»,– деп шығарып салған екен. Жеті айда еліне оралған қызының жүкті екенін сезген патша өкінішпен: «Қызым-ау, менің саған айтқан өсиетім қайда қалды?»,– десе: «әке, мен қандай жағдай болмасын басымды көрпемен бүркеп жататынмын»,– деп ақталған екен сорлы қызы. Сол сияқты қара қытайға жерімізді, байлығымызды беріп, басымызды аман сақтағанымыз кімге қажет?!
Өткенде теледидардан біздің бір тілші-сымақ, қытайдың бизнесменінен сұқбатында: «енді сіздің қандай жоспарыңыз бар?», – деп сұрақ қойды. Сонда қыли көзді қара қытай: «Мен қазақтың бір сұлу қызын алып, оған қытай тілін үйретіп, оны қытай қыламын», – деді. «Сіз неге қазақша үйренбейсіз?» деген тілшінің сұрағына: «Маған қазақ тілінің түкке де қажеті жоқ!», – деп ыржаң-ыржаң етеді. Осы хабарды жүргізген тілшіде де, хабарды жарыққа шығарған телеарнаның қызметкерлерінде де ар-намыс бар деп айталмаймын. Дәл осы хабарды телеарнадан не үшін және кім үшін көрсеткендеріне де түсінбеймін! Бәлкім бұлар да қара қытайдың алпауыттығынан қорқып отырған шығар?! Әлде қазақ қыздарын қытайдың жадыбас еркегіне күйеуге шығуына үгіттеу ме? Не дегенмен осындай бәтуәсіз, мәні жоқ, мағынасыз, адамның намысына тиетін хабарды телеарнадан көрсететініне қайран қалам! Енді міне, басымызды о бастан, орыстың аюы мүжіп келген болса, жеті басты әждаһа құйрығымызды жәукемдеуге қол жеткізіп отыр. Егеменді ел болып, әлемдегі озық отыз мемлекеттің қатарына жетеміз деп желпініп жүрген біз, неменеге Ресейден бөлініп, егеменді ел болып отырмыз? Сол орыстың боданында жүре бермедік пе? «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» деген. Тап қазір бір емес, екі әждаһаның ортасында қалдық. Міне енді, өзінен-өзі, не істеу керек? деген заңды сұрақ туады. Осындай жағдайда халық, Отан алдында сіз сияқты ел азаматтары, халық қалаулылары жауаптысыздар! Аждаһаның жемсауытында тұрған қазақтың баласын құтқарудың жолын табуға тиіссіздер. «Өзін қорғай алатын мемлекет қана – мемлекет болып өмір сүре алады» деген ұлы адамдардың қағидасы бар. Сондықтан әскеріміз бар, ержүрек азаматтарымыз бар, неге біз көрінгеннен қорқып өмір сүруіміз керек?! Әскеріміз аз болса, көбейтейік, қазақтың ұлы түгілі қыздарын да Отан қорғау ісіне даярлайық, жаңадан қаруландырайық! Сонымен бірге, қазақтың байлығын миллиардтап ұрлап, шетелге қашқандарды, парақорлар мен қызмет қуғыштарды ұлттық намыс пен мұраттың аясында шідерлейтін күнде келген секілді. Сонда ғана іші тұтас мемлекет азаматтары жеті басты түгілі, он екі басты әждаһаның алдында да қасқайып тұрар деп сенемін. Базарда арба итеріп нәпахасын тауып жүрген қазақтың қара домалақ баласының бабалары да, қалталы азаматтардың бабаларымен бірлесіп жүріп, жан беріп, жан алысып талай алпауыт жауынан киелі жерімізді, қасық қаны қалғанша қорғап аман алып қалды ғой. Сол жанкешті бабаларымыздың батырлығы, ержүректілігі, адалдығы біздің де бойымызда, ұрпағымыздың қанында бар деп білем. Тек соны орынды пайдалана білген дұрыс. Әрине, мұндай күрделі істер тікелей сіздердің қолдарыңыздан келе қоймасы анық, бірақ сіздер соны болдыру үшін тірлік жасауларыңыз керек деп білемін.
Теледидардан қаңтардың 22-күні «Баласын дәретханаға тастаған әйел» туралы болған хабарда қандай аталы сөздер мен қонымды пікірлер айттыңыз! Көріп, естіп отырған кісінің айызын қандырасыз. Талантыңызға таласым жоқ! Талантыңыз таси берсін! Сол тасыған таланттың толқынымен таңдайы кеберсіген қазағыңыздың тамағын жібіте беріңіз! Жасаған ием жар болсын!
Абсамат Сегізбаев, зейнеткер.
ОҚО, Созақ ауданы, Қыземшек елді-мекені
Ұлт порталы