Премьер-Министр Асқар Мамин «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.
Отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жұмыспен қамтудың жол картасын ұзарту және осы бағдарламаны жалпы сомасы 200 млрд теңгеге қосымша қаржыландыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында облигациялық қарыздардың шарттары қаралды. Қаражат «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Қазақстанның даму банкі» АҚ және «Қазына капитал менеджмент» АҚ еншілес ұйымдары арқылы агроөнеркәсіп кешенін, инфрақұрылым мен бизнесті қаржыландыруға жұмсалады. Директорлар кеңесі 2020 жылға жылдық есепті және 2023 жылға дейінгі түзетілген Даму жоспарын бекітті.
Холдингтің 2020 жылғы шоғырландырылған активтері 6 трлн 813 млрд теңгені құрап, 23,4%-ға артты. Бұл ретте «Бәйтерек» холдингінің таза табысы 73,1 млрд теңге мөлшерінде алынды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 42%-ға артық. Кредиттік және инвестициялық портфельдердің үлесі 78,5%-ға жетті, ал тартылған қорландыру көлемі бір жыл ішінде 1 трлн 596 млрд теңгені құрады. 609,4 млрд теңге немесе республика бойынша ипотекалық кредиттердің жалпы көлемінің 58%-ы сомасына ипотекалық кредиттер берілді.

