14 там, 2020 сағат 12:50

«Бәйтерек» холдингі шағын және орта бизнеске қандай қолдау көрсетіп отыр?

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Қарағойшин холдинг шағын және орта бизнеске қандай қолдау көрсетіп жатқандығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан бизнесі үшін қазіргі кезең – өте қиын болып тұр. Коронавирус індетіне байланысты мәжбүрлі шектеу шараларынан бизнес тұралап, шығынға ұшырап отыр. Мұндай жағдайда «Бәйтерек» холдингі шағын және орта бизнесті қолдауға басымдық береді. Шағын және орта кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар аясында да, өзіміздің бағдарламаларымыз аясында да көптеген қолжетімді құралдарды ұсынамыз. Бұл қолдау құралдарының көбі «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына шоғырланған. «Бизнестің жол картасы» Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама тиімділігін дәлелдеп, қазақстандық кәсіпкерлердің нағыз көмекшісі екенін танытты. 2013 жылдан бері «Даму» қоры бұл бағдарламаны «Бәйтерек» холдингі құрамында жүзеге асыруда«, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. 

Оның атап өтуінше, шағын және орта бизнесті қолдау құралдарының ішінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы сұранысқа ие болып отыр. 

«2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша «Даму» қоры 2010 жылдан бері бағдарламаның үш бағыты бойынша 2,8 триллион теңге сомасына 16 311 жобаны субсидиялады. Оның ішінде 2018 жылы жалпы кредит сомасы 173 миллиард теңгеге 1 432 жоба, ал 2019 жылы жалпы кредит сомасы 154 миллиард теңгеге 2 402 жоба қолдау тапты», - деді ол.

Басқарма төрағасының мәліметінше, субсидияланатын жобалардың салалық құрылымында өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау жобалары басым. Көтерме және бөлшек саудадағы 286 миллиард теңгелік 2 293 жоба, 144 миллиард теңгелік 1 220 ауыл шаруашылығы жобасы бар.

«Өңірлер арасында Павлодар (жалпы кредит сомасы 190 миллиард теңгелік 1 304 жоба) және Шығыс Қазақстан (жалпы кредит сомасы 179 миллиард теңгелік 1 261 жоба) облыстары көш бастап тұр. Ақтөбе облысында 154 миллиард теңгенің 1212 жобасы осындай қолдауға ие болды», - деді Рүстем Қарағойшин.