Байсын қыр. Құдай да ұмытқан кәрі қыстақтың оң жағында шағын өзен орналасқан. Беті тұнық, балығы бақадай шулайды. Ерке өзеннің беткейінде әлдене қарауыта қалса, ол басы өртеніп, түбіртегі ғана қалған күйелеш қара ағаш деп біліңіз. Түбіртек іші қожыраған жәндік. Сүлесоқ қара томардан өзге тұтас әлем барын, жүз милиардқа жуық галактика, Күн секілді жарық шашқан дене, аспанның әшекейі іспетті сүмбіле, үркер, қосар жұлдыз, үйіржұлдыз темірқазық сынды милиондаған жұлдыздар барын, жер деген ғаламшар ішінде адам деген қос аяқты тіршілік иесі мекен ететінін әлдебір күш келіп айта қалса, қуыс ішіндегі жәндіктер бұған мүлде сенбес еді. Бәлкім ішегі түйілгенше күлер еді ондайда. Тек әрқайсы өзді-өздерімен қырық пышақ болып жатқаны. Керілдесіп, біріне-бірі масыл болған тірі ағзалар. Ішіндегі ең белсенді «Армандай білуге қабілетсіздер» одағы әр жиналысында дәріс оқиды. Сондағысы мынау: «Өмір дегеніміз - өлімге кезекке тұру емес», ол сүйікті тамақты төкпей ішуден басталады. Сіздер, мархаматты мырзалар, ең бастысы, түнде тырнақ алмаңыздар, асықпаңыздар, біз ұлтымызды сақтауымыз керек!». Осы бір сөзді Құдайдың қара кешіне дейін қайталаушы Сөзқұрал мырза дегеніңіз, кәдуілгі жәндіктердің ақсақалы. Тұқымы маскүнемдіктен қырылған қарттың аяғына екі түрлі кебіс киетіні қызық-ақ. Кейде құрдасының бас киімін шұлғау орнына орайтыны тағы бар. Әр жексенбіде көпе көрнеу қаржысына өзін мақтаудан жарыс ұйымдастырады. Жарыстың бүгінгі тақырыбы: «Сөз құралдың қызыл саусағы».
Ауыз қайшысы кездіктен өткір осы бір ортадан әлдебір К есімді жас жәндіктің кеткісі келетін. Тым аулаққа, тіпті бас ауғанға. Кейде түбіртектің төбесіне шығып, үстінде нендей әлем барын, нендей тіршілік иелелері мекен ететінін көруді іштей айлапат арман ететіні бар. Ұшарға қанатсыз. Сөйлерге құлақ іздейді де, ылғи да көз табады. Айналасы табиғи қажеті мен тәбетін баққан тобыр жаңғырығы. Көмей оркестрі.
Бірде жас К-ның жоғалып кеткені жайлы қауесет қардай борады. Күмәннің соңы расқа айналды. Қызығы, соңына бір тілім хат қалдырыпты. «Құдық» тілінде жазылған жазбаны көзілдірігін мұрын ұшына сырғытқан ақ шашты шымал ханым оқи жөнелді. Бәрінің құлағы емес, денесі осында.
К-ның хаты
Құмырсқалар, шымалдар, жалпы жәндіктер!
Мен өз арманымның, өз ойымның іске айналғанын көрдім. Томар үстіне шығып, өзге де өзен барын, өсімдіктер, гүлдер, бауырымен жорғалаушылар, құстар, биік ағаштар, топырақ, аспан денесі барын ұғындым.
Білесіздер ме?
Сіздер әбден жасыққа айналған ұрпақсыздар. Сіздер өз бойларыңыздан әріге қол созудан өлердей қорқасыздар! Тіпті білуден де. Білсеңіздер оны орындауға тура келеді. Жауапкершілік артылады. Миларыңыз - қолына шыбық ұстатсаң, онымен тек шымал қайыруды ғана ойлайтын сыңаржақ пікірлер жиынтығы ғана. «Елге болыстым» деген «ердің» етігін шешсең, ішінен «өз абыройым үшін» деп аталатын қоқымдар өре шығады. Оған ұлттың қайысқан қабырғасы, бүгілген белі, таянған таяғы, бәрі иллиюзия! «Ақылды жәндіктер бар, мінерге есегі жоқ, есектей жәндіктер бар, өмірлік есебі жоқ».
Сіздер ақсақалдар! Неге қырқысасыздар! Не жетпейді өздеріңізге! Сіздер жайлы арақ пен әйелден басқа не естелік айта аламыз? Тасбақа өзінің бармақтай басын жасыру үшін тоқсан тоғыз қабат тасқа оранады. Бірақ өзінің сол бір жұдырықтай басының ешкімге қажетсіз екенін білмей ме ол?!
Шартты ұғымдар, шартты ойлар, шартты әрекеттер, шартты сөздер, бәрі шартты. Адам қолымен құрылған заңдар Құдай заңынан төбеге озды. Егер жаман ойласақ Құдай жазалайды, егер оны істесек Құдай мен адам заңы бірдей жазаға тартады. Бірақ қайсынан көбірек қорқамыз? Әрине, адам заңынан! Егер адам заңы жойылса, жер бетін тозаққа айналдырып жіберуден тайынбаймыз. Шартты. Бәрі шартты ұғым. Мәселен, әр кезіккенде бір-бірімізге «қалайсың» дейміз, бірақ бірімізге біріміздің қалай екеніміз, бауырымыз ауырғаны, балтырымыз сыздағаны қызықсыз болуға айналды. Егер хал сұраушыға ауырып отырғаныңды айтсаң, әрі кетсе екі минут уақытын бөліп толыққанды жағдай сұрағандай болуы мүмкін. Сөйтеді де жөнімен кетеді. Ол тек өз шартын орындады.
Білесіздер ме?
Біз кітапты не үшін оқитынымызды ойландық па? Жо-жоқ! Әріге барса өз өнерімізді ұштау үшін, бойдағы аз ғана талантты дамыту үшін оқимыз. Ғұмырдың мәнін, жарықтың мәнін, жылудың мәнін, өз мүшеміздің мәнін ұғынарға оқитын қайсыңыз бар? Егер ол мақсатқа табан тіреп оқыр болсақ, әр оқығанымызды түйсінер едік, іске асырар едік. Біздің түбіртекте, білесіздер, қабығында сұйықтығы, сілекейі бар қызыл қоңыздар ғұмыр кешеді. Олар кез-келген жәндікті мас қылып, соңынан оп-оңай қылғыта бастайды. Біз жем боларымызды біле тұра, бір сәттік ләззатқа бой алдырып сасық сілекейін жалаймыз-ау өлгенше. Сөйтеміз де, ғұмырдан жоқ боламыз! Жолдың қауіпті екенін біле тұра, ол жолмен жүру ақылдының ісіне жата ма? Жоқ! Егер өз оқығанымызды тұшынып, қорытып, жүректе бүрлетіп, жанымызды жұпарға бөлемесек, мінезді байытпасақ, алтынды арқаға артып қажеті не? Әлде қажетсіз қабілеттердің кемеңгері атану үшін бе? Бәлкім дұрыстап мақтанарсыз?
Білесіздер ме?
Бүгінгі қоғамның батыры – беті жылтыр жәндіктер! Бетіңізді жылтыратып қойыңыз да, түбіртек ішін айнала беріңіз, айнала беріңіз! Бәрі сізге қарайды, сізге қызығады, сізше киінгісі келеді, сізше ғұмыр сүруді армандайды. Орманда иісіне жан шыдап тұра алмайтын Коала дейтін аң бар. Бірақ одан асқан сүйкімді жоқ! Ол сонысымен құнды, ол ең бастысы тартымды, сұлу, жылтыр! Егер қоғамға ұнағыңыз келсе, жаныңыздан гөрі тәніңізге көбірек қызмет жасасаңыз жеткілікті. Тәніңізді бояңыз, сурет салыңыз, уақытқа қарауды сүймесеңіз де ешкім тақпаған сағат тағыңыз, сонда сізге бәрі де жарасады. Бақырсаңыз да, әр сөздің қазанын бір сапырсаңыз да жылтыр бетіңіз арқылы білінбей де кетеді. Түк те білінбейді!
Қош, күйелеш түбіртек! Жасай бер, жалғыздықтағы кәрілік, сөне бер пайдасыз тірлік!
Батырхан Сәрсенхан