16 сәу, 2021 сағат 21:35

Батыр Жүкембаевтің жекпе-жегінің датасы ресми жарияланды

Бірінші жартылай орта салмақтағы қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (18-0, 14КО) кезекті жекпе-жегін пуэрторикандық Сабриэль Матиасқа (16-1, 16КО) қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ВКонтакте әлеуметтік желісіндегні «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасында мәлім етілгендей, кездесу 29 мамыр күні Showtime Championship Boxing бокс кеші аясында өтеді. Кештің басты жекпе-жегі WBC-тің аса жеңіл салмақтағы чемпионы, француз Нордин Убаалидің (17-0, 12KO) және Филиппин өкілі Нонито Донейрдің (40-6, 26KO) арасында болады. 

Жүкембаев – Матиас айқасы Showtime телеарнасының таяу айлардағы трансляциясының кестесіне қосылған. Кештің нақты қай жерде өтетіні әзірге мәлімделген жоқ. Алайда, ол Лос-Анджелес болуы мүмкін.

Айта кетейік, Батыр мен Сабриэльдің жекпе-жегі IBF-тің «төрттік турнирінің» бір бөлігі ретінде жоспарлануда. Оның жеңімпазы бірінші жартылай орта салмақ дивизионының әлем чемпионы атағы үшін міндетті үміткер тізіміне енгізіледі.

Еске салайық, биылғы ақпан айында Батыр Жүкембаев «МТК Global» промоутерлік компаниясымен келсімшартқа қол қойған болатын.