24 жел, 2020 сағат 12:52

Бастауыш сыныптарға «Құқық негіздері» пәні енгізіле ме – Үкімет басшысы ұсынысқа жауап берді

Бастауыш сыныптың оқушыларына «Құқық негіздері» пәнін енгізген жөн бе? Сенаторлардың бұл ұсынысына Асқар Мамин жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"

Айта кетсек бұған дейін сенаторлар қоғамда бала құқығы жиі бұзылатынын айта келе оқушылардың құқық саласындағы білімін жетілдіру бастамасын көтерген болатын. Депутаттардың айтуынша мектептегі жалпы білім беру бағдарламасына Адам құқықтарының негіздері мен оларды қорғау құралдары туралы практикаға бағытталған пәнді енгізу мүмкіндігін қарастыру керек. 

Бұл сұраққа жауап берген Премьер-Министр жаңартылған білім беру мазмұнының шеңберінде 9 сыныпта аптасына 1 сағаттан, 10 және 11-сыныпта жаратылыстану-математикалық бағытта 2 сағаттан, 10 және 11-сыныпта қоғамдық-гуманитарлық бағытта 3 сағаттан, жаратылыстану-математикалық бағытта 2 сағаттан, қоғамдық-гуманитарлық бағытта 3 сағаттан жаңа «Құқық негіздері» пәні енгізілгенін мәлім етті. Одан бөлек бастауыштар деңгейінде «Дүниетану» («Құқықтар мен міндеттер»), «Өзін-өзі тану» пәндері, негізгі орта білім деңгейінде «Қазақстан тарихы» пәні оқытылады.

«Бұл ретте білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша бағдарламалық материал спиральдылық қағидаты бойынша зерделенеді. Яғни құқық мәселелері бойынша негізгі тақырыптар жас ерекшеліктерін ескере отырып, неғұрлым күрделі деңгейде қайталанады. Оқу процесінде оқушылар жеке адамның құқықтарына, бостандықтарына, міндеттеріне құрметті, өз позицияларын қорғай білуді, демократиялық құқықтарды дұрыс пайдалануды, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуді, заңдылықты қорғауға деген қажеттілікті қалыптастырады», - дейді Үкімет басшысы.

Асқар Мамин жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақтар практикаға бағытталған белсенді оқыту әдістерін қолдана отырып жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ ішкі істер органдары мектептерде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тұрақты ақпараттық жұмыс жүргізетінін жеткізді.

«Жеке құқықтармен байланысты мәселелер оқушылардың құқықтық мәдениетін үздіксіз қалыптастыра отырып, білім берудің барлық деңгейлерінде зерттелетінін ескере келе бастауыш сыныптарға «Құқық негіздері» жеке пәнін енгізу орынсыз деп санаймыз», - дейді Асқар Мамин.