Елордалық «Астана» алдағы маусымдағы баскетболдан ВТБ Біріккен лигасындағы алғашқы ойынын өз алаңында өткізеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстандық клуб 23 қыркүйекте елордада Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) командасын қабылдайды. Тұрақты чемпионат 2021 жылдың 25 сәуірінде мәресіне жетеді.
Жарыс ережесіне сәйкес оған қатысатын 13 клуб екі айналым бойынша бақ сынайды. Әрбір команда өз алаңында және қонақта ойындар өткізеді. Тұрақты чемпионат қорытындысымен үздік сегіз команда плей-офф кезеңіне жолдама алады. Сол арқылы турнирдің жеңімпазы анықталады.
ВТБ Біріккен лигасының өткен маусымы наурыз айында коронавирус пандемиясына байланысты уақытынан бұрына аяқталды. Сол сәтте «Астана»18 ойыннан кейін турнир кестесінде оныншы орында тұрған болатын.
ВТБ Біріккен лигасы 2008 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. «Астана» оған 2011 жылдан бері қатысып жүр. Аталған турнирде ресейлік және «Астана» командаларынан өзге Беларусьтің «Цмоки-Минск», Эстонияның «Калев», Польшаның «Зелёна-Гура» клубтары бақ сынайды.