Фото: РФ президентінің баспасөз қызметі
16 желтоқсанда Сирияның тақтан тайдырылған президентінің әлеуметтік желілерде жариялаған мәлімдемесінде бұл оның өз ұстанымын қоғамға жеткізудің «араб және халықаралық БАҚ-та мәлімдеме жариялауға бірнеше сәтсіз әрекеттен кейінгі жалғыз қолайлы жолы» екені айтылды.
Башар Асадтың атынан жарияланған хабарламада оның Мәскеуге кетуі алдын ала жоспарланбағаны және соңғы шайқастардың барысында болғаны туралы БАҚ-тағы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні айтылды.
«Мен 8 желтоқсанның ертеңгісіне дейін Дамаскіде өз міндеттерімді атқарып жүрдім. Террористік күштер Дамаскіге енген кезде, біздің ресейлік одақтастармен үйлестіре отырып, Латакияға көшіп, әскери операцияларды бақылауды жалғастырдым», — делінген Башар Асадтың мәлімдемесінде.
Асад «оқиғалар барысында ешқашан отставкаға кету немесе баспана іздеу мүмкіндігін қарастырмағанын» және әрқашан сарбаздармен бірге алғы шепте болғанын баса айтты.
Ол Сириямен және оның халқымен байланысы тұрақты екенін, жағдайға қарамастан, елдің тәуелсіздігін қалпына келтіруге сенетінін жеткізді.
Еске салсақ, 8 желтоқсан күні Сирияда 2011 жылдан бері жалғасып келе жатқан азаматтық соғыста шешуші бетбұрыс болды. Соңғы 24 жыл бойы Сирияны билеп келген Башар Асад режимі құлады. Көтерілісшілер Дамаскіге бақылау орнатып, Асад Ресейге қашты.