17 нау, 2023 сағат 12:40

Бас прокуратура тыныштық күніне қатысты мәлімдеме жасады

Фото: ҚР Бас прокуратурасы

Бас прокуратура 19 наурызда өтетін Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау алдындағы тыныштық күні талаптарын еске салды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Бүгін сағат 24:00-де сайлау алдындағы үгіт жұмыстарының кезеңі аяқталады. Ертең, 18 наурызда және дауыс беру күні – 19 наурызда кез келген үгітті жүргізуге тыйым салынады («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 32-бабы).

14 наурыздан БАҚ-та сауалнама нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға, кандидаттарды қолдауға дауыс беруге байланысты өзге зерттеулерді жариялауға да жол берілмейді.

Мұндай сауалнаманы дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте жүргізуге болмайды («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағы)", - деді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Оның айтуынша, сауалнаманы тіркелген және Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде хабардар еткен заңды тұлғалар ғана сайлау учаскелерінен шыға берісте жүргізе алады.

"Аталған сауалнамалардың нәтижелерін БАҚ-да дауыс беру күнінен кейін, яғни 2023 жылғы 20 наурыз сағат 00:00-ден бастап жариялауға рұқсат етіледі.

Конституциялық заңның осы талаптарын орындамау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102 және 120-баптарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

Аталған заң талаптары Парламент Мәжілісі депутаттарымен қатар, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына да қатысты" - дейді Бас прокурордың орынбасары.

Сондай-ақ, Өмірәлиевтің сөзінше, Сайлау заңнамасының нормаларын сақтауда ерекше рөл сайлау комиссияларының мүшелеріне жүктеледі.

"Заңда олардың келесідей әрекеттері үшін жауапкершіліктері көзделген:

- азаматтардың сайлаушылар тізімімен танысу құқығын бұзуы немесе дауыстарды санау басталғаннан кейін оларға өзгерістер енгізуі;

- азаматтарға басқа адамдардың атынан дауыс беру мүмкіндігін беру мақсатында дауыс беру үшін бюллетеньдерді ұсынуы;

- дауыс беру қорытындылары туралы мәліметтерді ұсынбауы.

Бұл әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (106-бап - ескерту немесе 30 АЕК айыппұл, 121-бап - 25 АЕК айыппұл, 110-бап - 25 АЕК айыппұл, 119-бап - 25 АЕК айыппұл)" - дейді ол.

Ал қылмыстық жауаптылық Қылмыстық кодекстің 150-бабымен - сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі жасағаны үшін (100 АЕК айыппұлдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін) және 151-бабымен, яғни сайлау құжаттарын бұрмалаған немесе дауыстарды дұрыс есептемеген (4 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін) жағдайда туындайды.

Толығырақ мына жерден оқи аласыздар.