Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнайы Құран бағыштап, дұға жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қадір түні қарсаңында Елордадағы «Нұр Астана» мешітінде жұма уағызын айтқан Бас мүфти «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күніне орай, зұлмат күндерде бақилық болған бабаларымызға Алладан кеңшілік, рақым тіледі.
«Келер жылы да жақсы ай, жақсы күнге төрт көзіміз түгел жетуді нәсіп етсін! Бірлігіміз, татулығымыз, тұрақтылығымыз баянды болсын! Алла Тағала халқымызға бірлік берсін! Құдай Тағалам біздің халқымыздың әр кезеңде жүрер жолы, бағдаршамы, қоғамның рухани тірегі болған дінімізге қуат берсін.Кешегі зұлмат заманда, нәубет күндерде жазықсыз кеткен, құрбан болған бабаларымызды Алла Өзі рақымына алсын! Пайғамбарымыздың шапағатында болсын! Құдай Тағала енді біздің ұлтымыздың, халқымыздың болашағын ондай нәубеттен сақтасын! Жарық күніміз баянды болсын! Ел аман, жұртымыз тыныш болсын!», - деп, еліміз бен жерімізге дұға тіледі.