20 ақп, 2017 сағат 08:36

Бас мүфти: Идеология – қолға ұстал­май­тын, көзге де көріне бермей­тін күшті қару

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен сұхбат

– Ержан қажы Малғажы­ұлы, Ал­ла­ға шүкір дейміз, еліміз тәуел­сіз­дік алғалы асыл дініміз Ислам­ға кең жол ашылды. Еш­кім үгіттемей-ақ халық иман­дылыққа өзі бұрылды. Әсіресе, жастардың имандылыққа деген айрықша құлшынысы жақсылықтың нышаны емес пе, қалай ойлайсыз?

– Аса қамқор, ерекше мейі­рімді Алланың атымен бастай­мын! Әрине, жастардың иман­дылыққа бет бұруы – үлкен жақ­сылықтың нышаны. Жас­тайынан ізгілік пен ізеттілікке тәрбиеленген адам өскенде мейірімді, қайырымды, иманды жанға айналады. Иманды адам өзінің өскен ортасы мен отбасына, жалпы қоғамға көбірек пайдасын, шарапатын тигізеді.

Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген. Демек, қазір біздің қоғамға өз ісінің майталман маманы бола білген иманды, жанашыр, дәстүрлі құндылықтарды құрметтейтін парасатты жастар қажет. Білім мен көркем мінезді, ар мен ұятты өз бойына ұялатқан адам еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қоспақ. Біз жастарымызды осыған тәрбиелеуіміз керек.

Мектеп мұғалімі балаға сабақ берумен қатар оны ізгі­лікке баулыса, ата-ана ұлы мен қызының тәрбиесін жіті қада­ғаласа, дін қызметкерлері көркем уағыздарымен имандылыққа ұйытса, қарияларымыз бен зиялы ағаларымыз тәлімін айтса – бала көргені мен естігеніне амал ете бастайды. Сондықтан, ізгі ғұ­ла­малар «баланы тәрбиелегің кел­се – әуелі өзіңді тәрбиеле» деген.

– Жұма намазы алдында айтылатын уағыздар жақсы, тағылымы мол. Өкінішке қа­рай, көп жағдайда уағыз ай­ту­­шы имамның шешен, жатық, әдемі сөйлеуі кем­шін соғып жатады. Осы олқылық­тың орнын қалай толтыруға болады?

– Тілегіңіз орынды. 2016 жыл­дың жаңа оқу жылынан бастап еліміз бойынша 9 медресенің оқу бағдарламасына «Шешендік өнер» пәні енгізілді. Қазір шә­кірт­теріміз осы пәннен дәріс тың­дауда. Ал Діни басқарма қызметкерлерінен бастап, аймақтағы имам-молдаларға дейін шешендік өнерден арнайы семинарлар өткізіліп келеді. Дәрісті Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, елімізге танымал дикторлардың ұстазы Мұрат Әбзелбаев өткізуде. Сонымен қатар, ҚМДБ баспасөз бөлімінің жетекшісі, журналист Ағабек Қонарбайұлы да облыстардағы имам-молдаларымызға «Ше­шендік өнер және көркем уағыз» тақырыбында теориялық әрі тәжірибелік тұрғыда тренинг жүр­гізіп келеді. Осындай жұ­мыс­тардың нәтижесінде имам­дарымыз біраз шыңдалып қалды.

Сөйлеу өнері – сонау пай­ғам­барымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с), ат сүрінгенше сөз тап­қан ата-бабаларымыз бен би-шешен­дерімізден қалған мұра. Бүгінгі дін қызметкерлері пайғам­барлар мен кешегі дуалы ауыз абыз ақсақалдарымыздың мұра­герлері деп есептеймін.

Алла тағала қасиетті Құран­ның «Ниса» сүресінің 63-ая­тында: «…Оларға үгіт бер де, әсерлі сөз сөйле», – деп бұйыр­ған. Сонымен қатар, Мұса (ғ.с.) пайғамбардың тілінде айты­латын аятта: «Бауырым Һарун маған қарағанда шешенірек…» («Қасас» сүресі, 34-аят) деп баяндалған.

Жүсіп Баласағұни бабамыз бір өлеңінде:

«Айтар сөзді сайлап алғын ақылмен, Жауабың дөп қатар түссін нақылмен», – деп жыр­лай­тыны бар. Расында, адам бала­сының талғамы өсіп, таңдауы артқан мына заманда біздің имам­дарымыз да әсерлі сөз сөй­леп, халықты өзіне қарата білуі керек. Наполеон Бонапарт­тың: «Кім әсерлі сөйлей ал­май­ды, сол жетістікке жете алмай­ды», – деген сөзінде жан бар. Об­лыстарға жасаған сапарларымда шешен сөйлейтін имамдарды кездестірсем, оны Астана немесе Алматы қалаларындағы мешіт­терге қызметке тағайындаймын. Көркем сөйлей алатын, тұшым­ды уағыз жүргізіп, ойын түйін­деп жеткізе алатын дін қызмет­кері үлкен мінберлерден көрінуі тиіс.

Аллаға шүкір, бүгінде сөзге шешен, тәжірибелі имам-мол­даларымыз тек діннің ғана емес, дәстүрдің де насихатшысына айналды. Уағыздарда ақын-жырауларымыздың тағылымды тұжырымдары, өнегелі өлеңдері қоса айтылатын болды.

– Біздің кейбір жастарға салафилық сияқты жат ағым­дар­дың теріс идеологиясы әсер етуде. Өкінішке қарай, діні­мізді, тілімізді, салт-дәстүрі­мізді, тарихымызды, әдебие­тіміз бен мәдениетімізді, руха­ниятты шала, үстірт білетін, иланғыш, еліктегіш кейбір жастарымыздың аталмыш теріс ағымға өткендігін білеміз. Сондай жастармен қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Идеология – қолға ұстал­май­тын, көзге де көріне бермей­тін күшті қару. Адам санасына жылдармен кірген идеологияны күндермен тазарта алмасымыз анық. Сіз айтып отырған уаһа­билік, яғни салафилық идео­ло­гияны қолдайтын жастардың діни таным-түсінігін түзету ең әуелі уақыт пен жүйелі жұмысты қажет етеді. Бұл бір күннің не­месе бір аптаның жұмысы емес. Бірнеше жылдан бері мешіт жа­мағаттарымен жастарды бір игі мақсатқа біріктіретін спорттық, рухани, мерекелік шаралар ұйым­дастырылып келеді. Атап айт­қанда, футбол, теннис, дәс­түр­лі спорт жарыстары, пікір­ал­масу басқосулары, т.б. са­лау­­ат­­ты да сауапты іс-ша­ра­лар жү­зеге асуда. Біздің имам­дар жат ағым­ның жетегінде кет­кен жас­тармен сағаттап сұхбат­та­са­ды, көңіл-күйіне үңіледі, мүм­­кін­дігінше моральдық және мате­риал­дық тұрғыда көмек­тесіп, бай­ланысты үзбеуге ты­рысады.

Жыл соңында жүргізілген жұмыс нәтижелерінің қоры­тын­ды есебін жасаймыз. Атап айтсақ, 2016 жылы 1 398 жат ағымдағы тұл­ғаларға жеке түсіндіру жұ­мысы жүргізілді. Жүйелі дәрістер мен кездесулердің нәтижесінде нақты 533 тұлға дәстүрлі дінге бет бұрды.

Сонымен қатар, 96 дін қызметкері еліміз бойынша 67 түзеу мекемесінде терроризм және діни экстремизм бабы бойынша жазасын өтеп жатқан сотталушыларға жүйелі дәріс өткізеді. Өткен бір жылдың ішінде 1410 сотталушыға түсін­дірме, оңалту жұмыстары жүр­гі­зілді. Оның 186-сы дәстүрлі діні­мізге оралды. Ал сол түзеу ме­ке­месінде отырған 96 азамат өз­дерінің радикалды көзқарас­тарынан қайтты. Бұл – нақты жұмыс нәтижесі.

– Имам демекші, қазіргі дін қызметкерлерінің қанша пайызының жоғары, орта діни білімдері бар?

– Бүгінгі таңда 800-ге жуық дін қызметкері, яғни 20 пайызы жоғары білімді. 27 пайызы, яғни 1033 адамның орта білімі бар. 1786 (54%) имам-молда Ал­ма­тыдағы имамдардың білімін жетілдіру курсынан өтіп, арнайы семинарларға қатысып білімін жетілдірді. Өткен жылдың өзінде Ислам институтында 270 имам 2 айлық курсты тәмамдады.

Қазір барлық мүмкіндікті пайдаланып, дін қызметкерінің білімі мен тәжірибесін арттыруға күш салып жатырмыз. Осы бағытта 2016 жылы 204 семинар өткіздік. Білім жетілдіруге арналған дәріске 2 968 имам-молда қатысты. Сонымен қатар, діни кадрларымызды Мысырдың әл-Азһар университетінде, Түркияның «Хасеки» ака­демия­сында оқытып жатырмыз. Қазір сол шетелдік оқу орындарында тәжірибесін шыңдап, білімін арт­тырып келген түлектердің алғаш­қы легі қызметтерін жалғастыруда.

Діни басқарма 2020 жылға дейінгі діни білім саласын дамытуға арналған тұжырым­дама қабылдады. Тұжырым­даманың мақсаты – мешіт-медре­се­лерімізді білімді де білікті діни кадрлармен көбірек қамта­масыз ету, сонымен қатар, діни білім сапасын жоғары деңгейге көтеру. Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­масының көңіл бөліп, қолға алып отырған негізгі міндеттерінің бірі – қазіргі қоғам талабына лайықты имам дайындау.

Өйткені, бүгінгі дін қызметкері заманның ағысынан, уақыттың талабынан әсте қалыс қалмауы тиіс. Бүгінгі имам үнемі өздерін дамытып, жетілдіріп, діни һәм зайырлы біліммен сусындап отыруы қажет. 2 жылдың көлемінде 3 мыңға жуық имамдарымызды қайта аттестаттаудан өткізіп, білім деңгейін анықтадық. Ат­тес­таттаудан сүрініп, білімін дәлелдей алмаған дін маман­дарын қайта оқытып жатырмыз.

– Жасыратыны жоқ, ауылдағы жамағатқа тұшым­ды уағыз, жалпы Ислам құн­ды­лық­тары жетпей жатқан сияқты. Мешіт жамағат­тары аз, жұма намазына бара­­тындар саны саусақпен санар­­лық… Сосын жамағаты аз, жала­қысы жоқ ауыл имам­дары қалай күн көреді? Олардың да отбасы, бала-шағасы бар емес пе?

– Ауылдағы жағдай маған жақсы таныс. Ауыл имамы бо­лып қызмет еткен соң, он­дағы молдалардың да жағдайын жақсы білемін. Алайда, Алла разылығы үшін зейнетақысын мешіттің жылуы мен жа­ры­ғына жұмсап, мешітті ұс­тап отырған ақсақалдар да аз емес. Ондай ерлік жасап жүр­ген имамның талайын көрдім. Сол кісілерге, яғни өз-өзін қара­жат­пен қамтамасыз ете алмайтын ауыл мешіттерінің имам­дарына ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорынан 30-50 мың теңге көлемінде жалақы беріліп келеді. Әрине, қордағы қаражат бәріне бірдей жетпейді. Кейде менен кәсіпкерлер: «Қандай қайырымдылық жасайын?» – деп сұрағанда, ауыл имамдарының өз зейнетақысынан жырып беріп, мешіттің шығындарына жұмсайтынын айтқанда, еріксіз елжіреп кетеді. «Соларға көмек­тесіңіз, мүмкіндігіңіз болса қажылыққа жіберіңіз», – дедім.

Бізге үлкен ұстаздарымыз: «Дінге мұқтаж жерге барып қыз­мет етіңдер», – деп ылғи құлағымызға құйып отыратын. Ай­мақтағы имамдармен кезде­су­лерімде осы сөздің мәнісін ұғын­дырып отырамын. Бірнеше жылдың жүзі болды, «Нұр Мү­бә­рак» университетін, медре­сені бітірген шәкірттерді өзде­рінің ауылдарына қызметке тағайындап келеміз. Астана, Алматы секілді ірі қалаларда қызмет еткен тәжірибелі имам­дарды ротациялық жүйемен ауылға ауыстырып отырамыз.

– Ал жаңадан құрылған Дін және азаматтық қоғам ми­нистр­лігімен ара-қатынас­тарыңыз қалай?

– Министр Нұрлан Ермек­баевтың қабылдауында болдым. Ашық әңгіме барысында діни саладағы жұмыстарды жетіл­діруге қатысты ойларыммен бөлістім. Ол кісі құптады. Ми­нистр «Әзірет Сұлтан» меші­тінде болып, мүфтият қызмет­кер­лерімен де кездесіп, жұмы­сымызбен танысты. Ортақ ойларымыз бен игі жобалары­мызды ортаға салып, пікірлестік. Бізді біріктіретін ортақ мақсаттар көп. Халықтың имандылығын арттыру, дінаралық татулық пен бірлікті нығайту бағытындағы ізгі іс-шараларды жүзеге асыру жөнінде ортақ уағдаластыққа қол жеткіздік.

– Сұхбатымыздың соңында сізге бір ұсыныс айтайын деп отырмын. Бүгін­гі жас өскін – балаларды иман­ды­лық, адамгершілік, отансүй­гіштік, елінің патриоты ретінде тәрбиелеу бағытында көркем шығармалардың алатын орны үлкен. ҚМДБ балалар мен жас­өс­пірімдерге арналған проза­лық шығармаларға, айта­лық, әңгіме, мысал, ертегі, сах­на­лық көрініс, хикаяттарға жыл сайын өтетін дәстүрлі бәйге жарияласа. Қаншама жас ба­лалар жазушыларының есімі әйгілі болар еді…

– Ұсынысыңыз өте орынды. Қолдаймын. Бұл жобаны жү­зеге асырудың жолдарын қарас­тыратын боламыз.

Біз Діни басқарма жанынан балалар журналын шығарсақ деген ойымыз бар. Бала тәрбиесі өте маңызды. Мұсылманның мұ­­раты – иманды, ізгі ұрпақ тәр­бие­леу ғой. Бір ғұламаның: «Ба­ла қымбат болса, баладан бұрын оның тәрбиесі қымбат», – деген сөзінде де үлкен мән жатыр…

– Мәнді-мағыналы сыр-сұхбатыңызға рахмет! Алла риза болсын!

Әңгімелескен
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,
жазушы

"Егемен Қазақстан" газеті

Түпнұсқадағы тақырып: Ержан қажы Малғажыұлы: «Мұсылманның мұраты – ізгі ұрпақ тәрбиелеу»